Алматы облысында карантин шаралары күшейтілді

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірдегі нысандардың жұмыс уақыты тек жұмыс күндеріне өзгертілді және түнгі сағат 20:00-ге дейін

Коллаж

Алматы облысының мемлекеттік бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов өңірдегі карантин шаралары туралы жаңа қаулыға қол қойды.

Қаулыға сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары жұмыс күндері сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ ғимаратты 50%-дан артық толтыруға немесе 30 адамнан көп жиналуға тыйым салынады.

Өңірдегі бизнес-орталықтар мен екінші деңгейлі банктер, валюта айырбастау пункттері, ломбардтар жұмыс және демалыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Супермаркеттер мен гипермаркеттер сағат 09:00-ден 22:00-ге қызмет көрсетуіне және көлемі 2 мың шаршы метрден аспайтын азық-түліктен басқа тауар сататын дүкендерге жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Сол сияқты азық-түліктен басқа да тауар сататын базарлардың жұмыс уақыты тек жұмыс күндері сағат 10:00-ден 17.:00-ге дейінгі аралықты қамтиды.

Сауда ойын-сауық орталықтарының ғимараты 30%-дан артық толмай, тек жұмыс күндері сағат 10.00-ден 20-00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Монша мен сауна және СПА-орталықтар сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Спорт кешендері мен фитнес-орталықтары тек жұмыс күндері ғана адамдарды қабылдай алады.