Астаналық электр энергиясын тасымалдаушылар халықты тонап келген – қоғам белсендісі

Автор: Azattyq Rýhy

Ол аталған компаниялардың 7,9 млрд теңгені ысырап еткенін айтып отыр

Биыл 1 сәуірден бастап Нұр-Сұлтанда электр энергиясының тарифі қымбаттады. Электр көзін тасымалдаушы компанияларға 5 жыл бойы аудит жүргізген қоғам қайраткері, «Geotech Corp.» компаниясының директоры Марат Бөлекбаевтың айтуынша, бағаның қымбаттауы негізсіз. Тасымалдаушылар өзара сөз байласып, тұтынушылардың миллиардтаған ақшасын ысырап еткен дейді ол.

Тариф бағасын төмендетуді талап еткен қоғам белсенділері журналистермен кездесіп, БАҚ арқылы билікке талап қойды. Олар Энергетика министрлігінен астаналық электр энергиясын тасымалдаушыларға қатысты шара қолдануды, ысырап болған халықтың ақшасын қайтаруды талап етіп отыр.

М.Бөлекбаевтың айтуынша, «АстанаЭнергоСбыт», «Астана ЕРЦ», «Ақмола АЭК», «Астана-Энергия», «Ақмола АЭК», «Теплотранзит» арасында 29,2 млрд. теңгеден астам сомаға монополистік сөз байласу болған.

«Астаналық тұрғындар үшін электр энергиясының тарифі 4,85 теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар, «Ақмола РЭК» желісі арқылы электр энергиясы транзитін тоқтатуды, «АстанаЭнергоСбыт» ЖШС, «Астана ЕРЦ» ЖШС секілді делдал компанияларының жұмысын мүлдем тоқтатуды талап етеміз. Олар халықтың есебінен түскен 7,9 млрд теңгені мақсатсыз жұмсаған», - деді М.Бөлекбаев журналистермен болған кездесуде.

Электр тасымалдаушы аталған компанияларға 2016-2020 жылдар аралығында мемлекеттік аудит жүргізілген. Тексеріс нәтижесінде «АстанЭнергоСбыт» ЖШС-нің жылу энергиясын шығару, тасымалдау бойынша алынған қызметтер үшін дебиторлық қарызы 7,9 млрд теңгені құраған. Оның ішінде:

  • «АстанаЭнергия» АҚ – 2 132 972 837 теңге,
  • «Теплотранзит» АҚ – 2 355 724 724 теңге,
  • «Астана РЭК» АҚ – 2 178 067 100 теңге,
  • «Астана ЕРЦ» ЖШС-не берешегі – 1 295 900 963 теңге (2020 жылдың 11 сәуірінде тағы 400 000 000).

Тексеріс нәтижесінде, «Астана ЕРЦ» ЖШС-не «АстанЭнергоСбыт» компаниясымен арада шарттық қатынастардың болмауына байланысты 1 545 797 900 теңге сомасында ақша қаражатын қалпына келтіру туралы ұйғарым шыққан.

«АстанЭнергоСбыт» бақылаушы қызметкерлері шартсыз "Астана ЕРЦ" ЖШС-не айына 33 000 000 млн.теңгеден немесе жылына 400 000 000 теңгеден қызмет көрсеткен. Бір бақылаушыға 1 000 000 млн теңгеден, ал сметада жалақы 79 000 мың теңгеден көрсетілген. Бұл заңға қайшы әрекет», - деді маман.

Еске салайық, 30 наурыз күні Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов Қазақстанда 45 энергия өндіруші ұйымның (ЭӨҰ) 37-нің шекті тарифтері 2021 жылғы 1 сәуірден бастап қымбаттайтынын айтты. Шекті тарифтердің өсуі 36% деңгейінде болады деді ол.

«Жылуға, электр энергияға, суға әр адам ақы төлейді. Сондықтан коммуналдық төлемдердің қымбаттауы – әр адамға тікелей қатысты тақырып. 30 наурыздан бастап Энергетика министрлігі шешімімен жылуға төленетін ақы қымбаттады. Бұл жөнсіз шешім! Бюджеттен бөлінген миллиондаған ақшаны қанағат тұтпай, бұлар тұтынушылар ақшасына қол салып отыр», - дейді журналистермен кездесуге келген тағы бір белсенді Қабыкен Закарьянов.

Қоғам белсенділері тарифтер құнына қатысты заң бұзушылықтарды тоқтату үшін өз ұсыныстарын айтты.

Бүгін қоғам белсенділері аталған ұсыныстарын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің және ҚР Бас Прокурорының атына ашық хат түрінде жолдады.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан