Қазақстанда 3 млн азамат тегін медициналық көмек алудан шеттетілген
Елімізде 3 млн-ға жуық азаматтың медициналық сақтандыруы жоқ. Олар медициналық көмек алуы үшін алдымен 2020 жылға жарна аударуы керек. Бұған көпшіліктің жағдайы келе бермейді. Мұндай деректерді Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Премьер-министрдің орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Депутат келтірген мәліметтерге сүйенсек, бүгінде 15 850 000 қазақстандық (халықтың 84% - ы) сақтандырылған. Ал 3 млн азамат тегін медициналық көмек алудан шеттетілген, өйткені олар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына осы уақытқа дейін ешбір жарна құймаған.
«Олар толыққанды медициналық көмек ала алмайды, бұл көбінесе асқынған ауруларға, өлім-жітімге, оның ішінде онкология, туберкулез және т. б. сияқты созылмалы және әлеуметтік мәні бар ауруларды кеш анықтауға алып келеді. Егер олар медициналық көмек алғысы келсе, азаматтар 2020 жылға жарна аударуы керек, бұл, әрине, көпшілік үшін қолжетімді емес. Сақтандырылмаған халықтың көп бөлігі Алматы, Қостанай, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында тұрады», - деді Нұрымова.
Депутат өз сауалында медициналық ұйымдарға бөлінетін қаржылық шектеу мәселесін де сөз етті.
«Кейбір медициналық ұйымдар тіпті, сақтандырылушыларға көмек көрсетуден бас тартуға мәжбүр. Себебі мекеме Қор белгілеген жоспарлы бір айлық бюджетті толығымен игеріп біткендіктен жаңа науқастарды қабылдай алмайды. Мысалы, аурухана ай сайынғы жоспарға сәйкес 100 науқасты емдеді, 101-ші болып келген адамға көмек көрсетуден бас тартылады, өйткені айлық лимит таусылды», - деп мәлімдеді халық қалаулысы.
Сондай-ақ Нұрымова Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру туралы тапсырмасына тоқталып өтті. Депутаттың айтуынша, жыл басынан бері 74 мыңнан астам дәрігер мен 180 мың медбике нормативтік құжаттардың болмауына байланысты жоғары жалақыдан қағылып отыр.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан