Жастардың дені отбасылық қарым-қатынас мәселесінде сауатсыз келеді – сарапшы

Автор: Azattyq Rýhy

Сарапшылар жас отбасыларында кездесетін мәселелер туралы айтты

көрнекі сурет

Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылы қазақстанда 4,7 мың ажырасу тіркелді, бұл бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 5,5%-ға аз. Ерлер арасындағы ажырасудың ең жоғарғы жас аралығы 30-34 жасты құраса, әйелдер үшін -25-29 және 30-34 жас аралығы. Некелескендер әдетте 5 – 9 және 20 жыл өткен соң ажырасады. 2019 жылы ажырасуға дейінгі некенің орташа ұзақтығы 9 жылды құрады.

Писхотерапевт Екатерина Ким ажырасудың себебі – еліміздегі отбасылық саясаттың дұрыс жүргізілмеуі мен жастардың психологиялық жағынан ересек өмірге дайын болмауынан деп есептейді.

ҚЫЗ-ЖІГІТТЕРДІҢ ЖИІ АЙТАТЫН ШАҒЫМЫ

- 15 жылдық тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, Қазақстанда жастар көп жағдайда отбасылық өмірді дайындықсыз бастайды. Сосын бір жыл өтпей жатып жігіттер жағы: «Мен отбасылық өмірге дайын емес екенмін, сауық құрып болмаппын. Әйелім мен анамның ұрысынан шаршадым» десе, қыздар жағы: «Үйдегілер асықтырды, бірге тұрған соң сүйіп кетемін деп ойладым, күйеуім мені түсінбейді» деп күйзеліске түскен күйі келеді. Бұл менің алдыма келушілердің ең жиі айтатын сөзі. Яғни, қазақстандық жастар көп жағдайда қарапайым базалық сауатын арттырмай, әлеуметтік жағдайын түземестен, ерте жастан отау құрады. Қазір заман басқа, құндылықтар өзгерді, өмір сүру деңгейі де көшпелі кезеңмен салыстыруға келмейді. Отбасын құруды жастар 25 жастан кейін ойланулары керек шығар және отбасын құрар алдында: «Мен ересек өмірге, ана болуға, әке болуға дайынмын ба?» деген сұраққа жауап беру керек.

ТУЫСТАР, ЖЕКЕ ШЕКАРА МЕН МЕНТАЛДЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

- Некенің адам жасына қарамайтыны оңтүстік өңір халқы дұрыс түсіне білсе екен. Себебі, ажырасуға келетін қыз-келіншектердің жартысынан көбі әке-шешелері мен туған туыстарының қысымынан шаршап кеткендіктен, көзіне жақсы болып көрінген жігіттің етегінен ұстап кетіп қалған. Отбасылық өмір деген «жүре көремін, бейімделіп кетемін» дейтін оңалту орталығы емес қой. Жастар оның үлкен жауапкершілік екенін сезінуі тиіс. 18-21 жастағы қыздар бала босанғаннан кейін жиі күйзеліске түсіп, көмек сұрап келеді. Өйткені әлі жас, кішкентай баласының өмірі үшін жауапкершілік алуға психологиялық тұрғыдан дайын болмаған. Психолог маманға жүгінетіндердің 80% - қыздар, ерлер сирек келеді. Олардың оқиғасын тыңдап отырсаң, бәрінікі бір-біріне ұқсас. Одан бөлек, дәстүрлі отбасында тәрбиеленген қыз-жігіттердің көбінің өміріне туыстары белсене араласады. Туған-туыс, құда-құдашаларына дейін жас отбасының жеке шекарасына баса-көктеп кіріп алған. Ене мен келін көп жағдайда күндес сияқты. Яғни, қазір қазақ отбасыларында иерархия сақталмаған. Үлкендер жастарды отау құруға асықтырмас бұрын, өздері үлгілі отбасы болуы керек. Себебі, бәрі балалық шақтан басталады. Баланың ата-анасының өмір сүру моделі қандай болса, бала да есейгенде тура сол отбасы моделін ұстанады. Сондықтан жастар жақсы отбасын құруы үшін олардың ата-аналары қазіргі өмірін дұрыс сүріп, үлгі бола білуі керек. Үлкендер «немере сүйгім келеді», «қатарымнан қалып барамын» деп жеке басының эгосын қанағаттандыруы үшін некеге дайын емес ұл-қыздарын асықтырмағаны абзал. Егер, адам үшін өмірдің бар қызығы немере болатын болса, онда бұған өзі кінәлі. Себебі, бала да, немере де ересек адам үшін өмірдің бір қызығына айналуы тиіс. Ал, біздің елдің менталитеті басқаша. Осының салдарынан жастар жиі зардап шегеді. Отбасындағы кикілжіңдерге енесінің немересін, ұлын қызғануы, меншіктеп алуы, келінін бөтен көруі жиі себеп болып отыр. Мұның бәрі сол адамдардың психологиялық қайшылығынан туындап отырған проблемалар. Сол себепті жастар ерте кезден психологиялық сауатын арттырып, психотерапевт маманға бару мәдениетіне бейімделгені дұрыс.

ӘЛЕУМЕТТАНУШЫЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕУІ

Аталған мәселеге қатысты бірнеше жылдар бойы зерттеу жүргізіп, әдістемелік құрал дайындаған Қазақстан қоғамдық даму институты сарапшылары елде өткізілген әлеуметтанулық зерттеулер жастардың отбасылық қарым-қатынас мәселелерінде сауатсыз екенін көрсеткенін хабарлады.

Зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстанда жыныстық қатынастың ерте басталатынын көруге болады. Жыныстық қатынас салдарынан болатын аурулардың, сонымен қатар түсік жасау санының өскендігі байқалады. Репродуктивті денсаулықтың нашарлауы белең алып отыр. Отбасы жаңа ұрпақты тәрбиелеуде, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауын қамтамасыз етуде, дамуында өте маңызды рөл атқарады. Қоғамдағы отбасының күйі бойынша және мемлекеттің оған қарасты көзқарасына байланысты елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының, халықтың әл-ауқатының деңгейін көруге болады. Отбасылық өмір өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі басты бағыт болуы үшін отбасы саясаты саласындағы білім беруді, құндылық бағдарларды өзгерту қажет. Сондықтан да жастар арасында психологиялық-педагогикалық дайындықпен қатар, отбасылық қатынастар саласында саяси-құқықтық білім беру бірге жүруі қажет. Кез келген мемлекеттің мақсаты - отбасы дамуына қолайлы жағдайлар жасау, әлеуметтік кепілдіктер мен қолдауларды қамтамасыз етіп отыру болып табылатын отбасылық саясат демографиялық саясаттың маңызды бөлігінің бірі. Жалпы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының әлеуметтанулық сауалнамасының (2019) мәліметтеріне сәйкес, жастар арасында отбасылық құндылықтар (86%) және денсаулық (59,7%) маңызды құндылықтар қатарына кіреді.

РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҚ

Мәселен, ҚР Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы үйленген жастар саны – ерлер арасында 43,07%, әйелдер арасында 53,36% құрады. 2014 жылмен салыстырғанда неке саны ер адамдар арасында 20,5%, әйелдерде 18,7% азайды. Некеге тұратын ер адамдардың орташа жасы – 27,6 жас, ал әйелдер арасындағы некеге тұрудың орташа жасы 25 жас ретінде тіркелді. 2018 жылы ер адамдардың ажырасу коэффициенті 10 411 адамды құраса, әйелдердің арасында 16 754 адамды құрады. Отбасылық өмірге дайындаудағы жастарды психосексуалды дайындау аспектісі мен репродуктивті денсаулықты дамыту мәселесі көп қарастырылмағаны анықталды. Бұл аспектінің болмауы түрлі жағымсыз салдарларға әкеп соғатыны айқындалып отыр: репродуктивті денсаулықтың нашар деңгейі, жыныстық мәдениеттің төмендеуі, ажырасу санының өсуі, отбасындағы дағдарыстың артуы. Сол себепті, кез келген мемлекеттің өзекті мақсаты – елдегі позитивті демографиялық жайды қамтамасыз ету факторы болып табылатын жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау. Репродуктивті денсаулықтың нашарлауының негізгі көрсеткіштері – ана өлімі, ер адам және әйел бедеулігінің, әйелдер мен жасөспірімдер арасында түсік жасатудың таралуы, жастардың жыныстық өмір және жағымсыз (жоспарланбаған) жүктілік туралы, контрацепция әдістері мен құралдары туралы жеткіліксіз хабардар болуы, ерте ана атану, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы, өздерінің репродуктивті құқықтарын білмеуі.

Мемлекеттің экономикасы мен қауіпсіздігі отбасының амандығына байланысты. Ана мен баланың мүдделерін қорғауға, отбасын қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясат отбасының тіршілік әрекетін қамтамасыз етуде, нығайтуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан, жастарды отбасылық өміріне дайындауда олардың отбасы туралы нормативті-құқықтық базаны білуі, сонымен қатар мемлекеттік отбасын әлеуметтік қорғау және қолдау жүйесі туралы хабардар болуы қажет.

Айжан Қалиева, Алматы