Алматыда нұротандықтар ерекше қажеттілігі бар тұлғалар үшін ЖОО-ның қолжетімділігін тексерді

Автор: Azattyq Rýhy

Қала ғимараттарының көбінде арбаға таңылғандардың жүріп-тұруына жағдай жасалмаған

Мүгедектігі бар студенттерге сабаққа қатысу қаншалықты ыңғайлы? ЖОО жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ете ме? Осы және басқа да өзекті сұрақтарға жауап беру үшін алматылық нұротандықтар мегаполистің 23 жоғары оқу орнына тексеріс жүргізді.

Мониторинг тобының қатысушылары мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін тиісті жағдайлар жасалмағанын атап өтті. Атап айтқанда, пандустардың техникалық стандарттарға сәйкес келмеуі, арнайы тұтқалар мен тактильді жолдардың болмауы сияқты бұзушылықтар анықталды. Барлық ескерту бойынша тиісті ұсыныстар берілді.

«Біз бұл ғимараттарды қайта қарап жатырмыз. Жасыратыны жоқ, 3-4 жыл ішінде біз бірнеше рет тексеру жүргіздік. Өкінішке қарай, жағдай қауантарлық емес. Жоғары оқу орындарының басшылығы бұл маңызды мәселеге тиісті көңіл бөлмейді. Мысалы, ғимараттардың бірінде тым биік пандус салынған. Кресло-арбадағы азаматтарға өз бетінше көтерілу мүмкін емес. Демек, ғимаратқа кіреберістен кедергісіз кіру үлкен қиындық тудырады», - деді Алматы қалалық мүгедектер қоғамының басқарма төрағасы Әли Аманбаев.

«Nur Otan» депутаттық фракциясының мүшесі, паралимпиадалық спортшы Серік Есматов та осындай қорытындыға келді.

«Біз Алматыда ғимараттардың қолжетімділігіне тұрақты негізде мониторинг жүргіземіз. Барлық жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісінше жағдай жасалмайтынын көріп отырмыз. Мысалы, тактильді жолдар стандарттарға сәйкес келмейді. Егер ғимараттың ішінде жолдар бар болса, кіреберісте жоқ. Мұндай проблемалар өте көп», - деп атап өтті депутат Серік Есматов.

Бүгінгі таңда арнайы оқыту үшін жағдай жасалған Алматының 29 ЖОО-да ерекше қажеттілігі бар бес жүзден астам студент білім алуда.

Айта кетейік, нұротандықтар «Кедергісіз келешек» жобасы аясында осындай рейдтерді жиі өткізіп тұрады. Мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде көптеген ғимараттағы кемшіліктер түзетілді.