«Дара» қоры мектептерде инклюзивті білім беруге ресурстық орталықтардың қандай жағдай жасайтынын білу мақсатында дөңгелек үстел өткізіп, зерттеу нәтижелерімен таныстырды
«Дара» қоры Назарбаев университетінің жоғары білім беру мектебімен бірлесе отырып, «Samruk – Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен астаналық жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім беруге ресурстық орталықтардың қандай жағдай жасайтынын білу мақсатында дөңгелек үстел өткізіп, зерттеу нәтижелерімен таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Зерттеулер Нұр-Сұлтан қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 3 ресурстық орталығында жүргізілді.
Назарбаев университетінің жоғары білім беру мектебінің бір топ ғалымы мектептерде инклюзивті білім беруді енгізуге пайдасын тигізетін тәжірибелер мен қатынастарды дамытуға ресурстық орталықтардың қалай әсер ететінін зерттеді. Мектептегі ресурстық орталықтардың күрделі мәселелері мен олардың жұмысын жақсарту жолдары қаралды.
Осы ғылыми зерттеудің негізгі қорытындыларының бірі:
Мектеп әкімшілігі білім орнында инклюзивті білім беру жүйесін енгізуді айқын түсінсе, оған мұғалімдер мен мектеп қоғамдастығын тартады.
Жалпы білім беретін сыныптарда ерекше қажеттілігі бар балалардың болуы оқушылардың бойында қоғамның әралуандығын мойындатып тәрбиелеудің жолы болмақ әрі оларды қажеттіліктері әртүрлі құрбы-қатарластарымен бірге жұмыс істеуге үйретеді.
Бүгінде «Дара» қоры Қазақстанның аймақтарында инклюзивті білім берудің 29 ресурстық орталығын ашты. Оның ішінде «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен 9 ресурстық орталық ашты.