«Оралып жатқандар – оқыған азаматтар». Сарапшылар Өзбекстаннан келген қандастар жайлы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері қандас мәртебесін алған қазақтардың дені – Өзбекстаннан келгендер

Коллаж

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген ақпарат бойынша, жыл басынан бері 2,4 мыңнан астам этникалық қазақ отанына оралды. Олардың 72,9%-ы Өзбекстаннан, қалған 15% – Қытайдан, 4,6% – Түркіменстаннан, 3,5% – Моңғолиядан және 4% – басқа елдерден көшіп келді.

Бұл ретте, тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнограф, демограф Аманжол Боранбайұлы не себепті қандастардың басым бөлігі Өзбекстан елінен оралып жатқанын түсіндірді.

Профессор Аманжол Боранбайұлының пікірінше, Өзбекстан – көп ұлттан құралған халық.

«Кезінде Ташкент Қазақ хандығының астанасы болды. 1918-25 жылы біздің астанамыз болған Орынбор облысын орыстар тартып алған соң, жаңа астана Ташкент пе, Қызылорда ма – халық таңдау жасады. Сонымен, 1925 жылы біздің астанамыз Қызылорда қаласына ауысты. Алайда, оның экологиясы, климаты нашар болып, 4-5 жылдан кейін Ташкент облысын ел астанасы ету туралы шешім болған. Мұны естіген өзбектер Үкіметін 1925 жылы бір түнде Самарқандтан Ташкентке ауыстырып, сақтап қалған. Бұл – бір. Екіншіден, Ташкент облысында 3 млн-ға дейін қазақтар тұрған: қаңлылар, шанышқылы, қатаған рулары. Үшіншіден, оның алдында қазақ-жоңғар соғысы кезінде, 17-ғасырда бірталай қазақ руы сол жақта қалып қояды. Ташкент құрама уез болған. Құрама деген арғын, қыпшақ, дулат, үйсін, жағалбайлы, тама бар – қазақтың руларына қоныс болған», - дейді тарихшы.

Сарапшының айтуынша, Елбасының «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданған соң, қандастарымыз елге орала бастады. Ең бастысы, Өзбекстаннан қоныс аударып жатқандардың бәрі дерлік – қазақтар.

«Кезіндегі ашаршылық заманда Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркменстанға көшкен адайлар Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбеге оралып жатыр. Жамбыл, Алматы, Түркістанға этникалық ағайындар келе бастады. 50-жылдан бастап Қытайдан 300 мыңдай қазақ оралды. Қытайда ресми 1,5 млн қазақ бар. Соның жоқ дегенде жартысы – наймандар (оның ішінде матайлар, қызайлар). Ондағылар сол жерді тастамайды. Өйткені, ол – біздің ата-жеріміз, өздері үйренген жер», - дейді маман.

«ЕЛГЕ ОРАЛЫП ЖАТҚАНДАР – ОҚЫҒАН АЗАМАТТАР»

Сарапшының айтуынша, Өзбекстандағы қазақтар куәліктеріне амалсыз өздерін «өзбек» деп жаздырады.

«Ташкент жақта куәлікте «өзбек» деп жазылмаса, оқуға түсе алмайсың. Олар қазақ мектептерінің көбісін жапты. Сол себепті, көзі ашық қазақтар елге орала бастады.

Төле би бабамыз Ташкенттің маңында жатыр. Қазақстанда шанышқылар жоқтың-қасы. Олардың 90 пайызы Өзбекстанда тұрады. Олар өздерінің қазақ екенін біледі. Бірақ, тілден айырылған соң, болды ғой. Оларды қолмен өзбекке айналдырып жатыр.

Көшіп келіп жатқандар – Қазақстанда туыстары барлар, еті тірі, оқыған-тоқығандары. 90-жылдары көшіп келгендердің қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы, керемет өмір сүріп жатыр. 6-7 баласына жағдай жасап жатыр. Көбі бизнеспен айналысады. 90-жылдары бәліш сатып жүрген азаматтар – қазір мықты мейрамхана иелері. Олардың көбі араққа салынбаған, балалары әке-шешесін сыйлайды. Ал инициативасы жоқ, жағдайы жоқтар қалып жатыр», - деді тарихшы.

«БІР ЖЫЛДА АЗАМАТТЫҚ АЛДЫҚ»

Өзбекстаннан көшіп келген қандасымыздың бірі – Мәдина Ергешова. 43 жастағы Мәдина – 8 баланың анасы, «Алтын алқа» иесі. Қазір ол Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Диқан-2 ауылының тұрғыны.

«2004 жылы жолдасым және үш баламмен Өзбекстанның Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Шыршық қаласынан көшіп келдік. Біріншіден, тұңғышым – қызымның қазақ мектебінде білім алғанын қаладым. Екіншіден, Қазақстанда, тарихи Отанымызда тұрғымыз келді. Басында үй алу жағынан қиындықтар болды. Сатқан үйіміздің құны Қазақстандағы үйдің бағасынан әлдеқайда арзан болды. Егіншілікпен айналысып, квота алып, үйді сатып алдық. Қазір үлкен үйдің құрылысын бастадық. Құдайға шүкір, Қазақстанға келгеннен кейін 1 жыл ішінде азаматтық алдық. Бес балам осында дүниеге келді. Үлкен қызым тұрмыста. Қазір әкімдіктің тазалық жұмыстарымен айналысамын», - деп түсіндірді Мәдина.   

Мадинаның Өзбекстанда тұрып жатқан туыстары бар. Айтуынша, көрші елге барып-келуге ешқандай кедергі, қиындықтар жоқ.

«Күйеуімнің де, өзімнің де руымыз – қаңлы, жеті атадан асып кеткен, сол себепті үйлендік. Өзбекстанда Бостандық ауданында қазақтар өте көп. Бәрі қазақ тілінде сөйлейді. Салт-дәстүрдің бәрін ұстанады. Ол жақты тарихи Отаны, туған жері деп санайды. Өзбекстанда қазақ мектептері бар, бірақ тек латын әліпбиін қолданады. Қазақтар көп мекендейтін Абай деген ауыл бар. Ол жақта да, Қазақстанда да ешқандай қысым көрген емеспіз, бірнеше ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр», - дейді Мәдина.

«ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛҒАНЫМЫЗҒА ҚУАНАМЫН»

Өзбекстаннан тарихи отанына қайтқан қандастың бірі – Ләззат Қыпшақбаева. Ол ата-анасы, бауырларымен бірге 6-сынып оқып жүрген кезде елге оралыпты.

«2001 жылы 17 қыркүйекте ағам, сіңлім, ата-анам – бесеуміз Бұқара облысынан Қазақстанға көшіп келдік. Ол кезде 6-сыныпта оқимын. Біз ол кезде кішкентаймыз, бәрін түсіне бермейміз. Есімде бары, Қазақстандағы туыстардың шақыруымен көшіп келдік. Қазір 4 баланың анасымын. Отанымызға оралғаныма ешқашан өкінген емеспін. Мектепте жақсы оқып, ЖОО-да тегін білім алдым. Химия пәнінің мұғалімімім. Жұмысқа да қиындықсыз орналастым. Мінезім ашық еді, бәрімен де тез тіл табысып кеттім. Кемсіту, қорлық көрген емеспін», - дейді ол.

Айта кетерлігі, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 73 мыңға жуық этникалық қазақ оралды.

Биыл жыл басынан бері көшіп келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (36,8%), Түркістан (16,4%) және Маңғыстау (10,2%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (12,7%), Нұр-Сұлтан (5,9%) қалаларына қоныстанды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан