Азық-түлік, сапасыз білім, жұмыссыздық: пандемия қазақстандықтардың фобиясын өзгертті
Ауқымды сауалнама нәтижелері әлеуметтанушыларды алаңдатады
Қарапайым қазақстандықтарды не толғандырады? Олар қандай проблемаларды әлеуметтік маңызды деп санайды және неге? Қазақстанның белгілі әлеуметтанушылары Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында осы және өзге де мәселелер туралы айтып берді.
ПАНДЕМИЯ БАСТАЛҒАЛЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТАУАРДЫ ТОННАЛАП АЛАТЫН БОЛДЫ
Әлеуметтанушы маман Рамазан Салықжановтың айтуынша, көпшілікті мазалайтын ең маңызды мәселе - азық-түлік бағасының өсуі.
«Өзім атсалысқан зерттеулерде баға мәселесінің өзекті екені көрінді. Ол, әрине, азық-түлік пен өзге де тұрмысқа қажетті тауарлардың және дәрі-дәрмектің бағасына қатысты. Одан кейін халықты алаңдататын проблема – жұмыссыздық, үшінші кезекте – білім алу мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы. Төртінші – аула-мекендердің абаттандырылуы. Сондай-ақ экология мәселесі және кейбір қалаларда тек сол өңірге тән әлеуметтік проблемалар бар.
Тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнамалар анкета толтыру арқылы анықталады. Ғаламтор арқылы сауал жасауды әлеуметтанушылар дұрыс көрмейді. Өйткені, сауалнамаға жауап беретін аудиторияны дұрыс және мұқият іріктеу қажет», - дейді Рамазан Саттарұлы.
Әлеуметтанушы Айдар Хамит те әріптесінің пікіріне қосылады.
«Бағаның өсуі есебінен азық-түлік, тамаққа деген қорқыныш бар. Бұл – қазақстандықтарда анықталған негізгі фобияның бірі. Карантин басталғаннан бері 1 жылда адамдар тамақты көп мөлшерде, жарты жылға, екі-үш айға бірден алатын болды. Оның шіріп, бұзылып кететінімен ісі жоқ. Дүкендерде таусылып қалады деп, келілеп, тонналап ала берді. Яғни, тамақ үшін көбірек шығындалды», - дейді ол.
Алайда, әлеуметтанушының айтуынша, Қазақстанның тамақпен қамту қоры дұрыс ұйымдастырылған. Уайымдауға себеп жоқ екенін тұрғындар ендігі түсінді дейді маман.
Бір айта кетерлігі, қазақстандықтардың азық-түлік бағасына алаңдауына себеп бар. ҚР Сауда және интеграция министрлігі берген мәлімет бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасы 2,3%-ға өсті. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.
Қазіргі уақытта көкөністер (картоп +6,9%, сәбіз +5,1%, пияз +3,7%, қырыққабат +0,7% жыл басынан бастап) мен жұмыртқа бағасының маусымдық өсуі тіркелді. Жалпы алғанда олар өндірістің қысқаруымен 10,2% - ға қымбаттады.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ АЛАҢДАТАТЫН ТОП-10 ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ
Қазақстандықтар фобиясы:
1. Азық-түлік және өзге де тауарлар бағасының өсуі
2. Дәрі-дәрмек бағасының өсуі
3. Жұмыссыздық
4. Тұрғындар денсаулығы
5. Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы
6. Білім беру сапасы
7. Қоғамдық көліктер қызметі
8. Жолдарды жөндеу және елдімекендерді абаттандыру
9. Экология
10. Қауіпсіздік
Әлеуметтанушылар жүргізген сауалнама нәтижесі
ВАКАНСИЯ КӨП, БІРАҚ ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ АЗАЙМАЙДЫ
Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі – 5%. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректері бойынша, жұмыссыз ер адамдар саны 216,3 мыңды, әйелдер үлесі 237,7 мыңды құрады.
«Вакансиялар бар болғанымен, не себепті жұмыссыздар саны азаймайды? Оны анықтау үшін еңбек нарығының құрылымын зерттеу керек. Мысалы, жыл сайын кем дегенде 350 мың вакансия болады. Ол жол жөндеу, инфрақұрылымға байланысты су тарту, электр жүйесін қалпына келтіру, сантехника саласына қатысты. Алайда, жұмыссыздар саны азаймай тұр. Өйткені, олардың көбі жанға жайлы жұмыс іздейді.
Мысалы, батыс жақта жұмыссыздар саны көп. Олар міндетті түрде мұнай-газ саласындағы жұмысты іздейді, жалақысы көп болғанын қалайды. Немесе істемейді, үйде отырады», - дейді Рамазан Саттарұлы.
ПАНДЕМИЯ АНЫҚТАҒАН «ЖАҢА» ФОБИЯ – ЦИФРЛЫҚ САУАТСЫЗДЫҚ
Әлеуметтанушы Айдар Хамиттың айтуынша, жалпы, қазіргі індет жағдайында адамдарды алаңдататын нақты мәселелер анықталды.
«Бұл көбінесе әлеуметтік-экономикалық салаға, денсаулық сақтау және білім беру саласына қатысты. Осы салалардың шикіліктері көрінді. Үкімет тарапынан істеліп жатқан нәрселер бар. Алайда, ол халықты қанағаттандырмайды. Онлайн білім беруден жалпы білім беру сапасы нашарлады, әрине. Тағы бір фобия – цифрлық сауаттандыру. Біздің азаматтар, әсіресе, егде жастағы, зейнет жасындағы мұғалімдер интернет, компьютер пайдалануда қиындықтарға ұшырады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалып жатқан істер болған шығар, бірақ бәрі ескерілмеген», - дейді Айдар Хамит.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЭКО-МӘДЕНИЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша, еліміздің әр аймағында тұрғындар қоршаған орта мәселесіне әртүрлі көзқарас білдіреді. Мысалы, өскемендіктер, Риддер, Атырау, Павлодар, Қарағанды және басқа да ірі өнеркәсіптік орталықтардың тұрғындары үшін қоршаған ортаның жай-күйі – әлеуметтік маңызы бар проблемалар рейтингінде ең басты тақырыптардың бірі.
«Соңғы кезде ел-жұрттың, жалпы, қоғамдық пікірдің экологияға деген көзқарасы өзгерген. Экологиялық мәдениеті жоғарылаған. Оны әлеуметтік желіде табиғатты қорғауды насихаттап жүрген азаматтар санының артқанынан байқаймыз. Енді бұл бастамалар іс жүзінде жүзеге асса, толық бет бұрған жоқ, алайда, оң бетбұрыстар бар», - деді Рамазан Саттарұлы.
ҚАЗАҚСТАНДА КЕДЕЙЛІК ДЕҢГЕЙІ ӨСТІ
Күнкөріс деңгейі төмен азаматтар саны 1 млн 65 мың адамнан асып, өткен жылмен салыстырғанда, кедейлік көрсеткіші 21%-ға өскен. Әрине, бұл қазақстандықтар арасында алаңдаушылық пен қорқыныш тудырды.
«Жалақының қысқаруы немесе жұмыстан шығып қалу мәселесі көп тіркелді. Елде кедейлік пайызы артты. Ол, әрине, шағын кәсіпкерлер қызметінің тоқтауына байланысты. Алайда, кризис уақытында бұрын болмаған, жаңа саланы ашып, кәсіп бастауға болады деп ойлаймын», - дейді Айдар Хамит.
ФОБИЯ СОҢЫ НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯЛАРЫНА ҰЛАСА МА?
Әлеуметтанушының айтуынша, одан басқа саяси, діни, рухани фобиялар бар. Бірақ қазіргі пандемия жағдайында олар шеттен тыс қалды.
«Осы фобиялар салдарынан елде наразылық акциялары болуы мүмкін бе? Бұл сұраққа жауап іздейтін болсақ, наразылық халықтың өмір сүру деңгейімен тікелей байланысты дер едім. Мәселен, Ресей, Беларусь Республикасында халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеді. Сол себепті олар наразылық танытып, көшеге шықты. Ал біздің елде ондай жағдай әзірге болмайды деп ойлаймын», - дейді маман.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан