«Форс-мажор. Жергілікті биліктің қатысы жоқ» – Ерік Сұлтанов Айдар Қазовтың пәтеріне қатысты түсініктеме берді

Азия чемпионы әкімдік сыйлаған пәтерінен айрылып қалған еді 

«Форс-мажор. Жергілікті биліктің қатысы жоқ» – Ерік Сұлтанов Айдар Қазовтың пәтеріне қатысты түсініктеме берді
Фотоколлаж

Солтүстікқазақстандық спортшы, Азия чемпионы Айдар Қазов әкімдік сыйлаған пәтерінен айрылып, далада қалды. Ауыратлет шетелде оқу-жаттығу жиындарында жүрген кезде жылжымайтын мүлік сатылып, полиция қызметкерлері мен заңгерлер оның туыстарынан баспананы босатуды талап еткен. Барар жері қалмаған отбасына Петропавл қалалық әкімдігі коммуналдық қызметтердің ақысы төленбегендіктен су, газ, жарықтан ажыратылған бір бөлмелі пәтер ұсынған. Оның өзі уақытша, себебі спортшыға үйді жекешелендіру құқығы берілмеген.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі мәселеге қатысты, сол кезде Солтүстік Қазақстан облысын басқарған экс-әкім, бүгінде ҚР Парламені Сенатының депутаты Ерік Сұлтановқа ресми хат жіберілгені жайында жазған еді. Араға бір аптадан артық уақыт салып Парламенттен жауап келді. Халық қалаулысы спортышның басынан өткен келеңсіздікке «форс-мажор» деген баға беріп, жергілікті билікті ақтап алуға тырысты.

«Сіздің өтінішіңізді қарау нәтижелері бойынша, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы әкімдіктерінің түсініктемелерін ескере отырып, келесіні хабарлаймын.

2016 жылы белгілі спортшымызға «Казградстрой» ЖШС (әрі қарай - компания) демеушісі есебінен пәтер берілді. Осы мақсатқа бюджет қаражаты бөлінбеген.

Кейіннен компаниядағы экономикалық жағдай айтарлықтай өзгерді.

Бұл бұрын қабылданған шешімнің өзгеруіне әсер етті. Менің ойымша, туындаған жағдай форс-мажор деп саналады және жергілікті биліктің бұған қатысы жоқ.

Осыған қарамастан, 2019 жылы Петропавл қаласының әкімдігі тұрғын үй комиссиясының шешімімен Айдар Қазовқа Жабаев көшесі, 170-31 мекенжайы бойынша қызметтік тұрғын үй берді.

Қазіргі уақытта Айдар Қазовқа пәтерді жекешелендіру құқығын беру туралы мәселе шешілуде. Бұл мәселенің шешімі менің назарымда», - делінген ресми хатта.

Осылайша бұрынғы шенеунік, қазіргі Сенат депутаты болған жағдайды банкрот болған «Казградстрой» құрылыс компаниясының басшылығына сілтеді.

«БИЛІК ӨКІЛДЕРІНЕ СЕНУДЕН ҚАЛДЫМ...»

Мәселеге қатысты Азия чемпионы Айдар Қазовтың да пікірін білдік. Ол билік өкілдері айтқан уәжбен келіспейді. Аузы күйген спортшы шенеуніктерге сенуден қалғанын ашық айтты.

«Бір емес, бірнеше рет алдандым. Сондықтан билік өкілдеріне сенуден қалдым. Осылай болатыны үш ұйықтасам, түсіме кірмеп еді. Пәтердің құжаттары толық қолыма тимейінше, мәселенің шешілетініне көзім жетпейді. Мені қолдап, сүйеніш болып, пікір білдіріп жатқан халқым мен әріптестеріме алғысым шексіз. Барлығы әділдіктің орнайтынына сенім білдіріп жатыр. Солай болғай. Бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан проблемадан жүйкем шаршады», - дейді ауыр атлет.

Айдар осындай келеңсіздіктердің кесірінен кәсіби спорттан кетпек болып жүргенін де айтқан болатын.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі көтерген бұл мәселе әлеуметтік желілерде халық наразылығын туғызып, қызу талқыланғаны белгілі. Facebook-тегі сауалдарға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығметов өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қала әкімі Болат Жұмабековке нақты тапсырма бергені, таяу арада мәселе оң шешімін табатындығы жайында айтып, жауап жазған болатын. Алайда сөз жүзінде жауап болғанымен, шаһар әкімдігі тарапынан іс жүзінде ешқандай әрекет байқалмады. 

Азия Чемпионына белгілі спортшы Илья Ильин қолдау көрсетіп, осы мәселеге қатысты құзырлы орындарға хат жолдағаны жайында айтып пікір білдірген еді.

«Спортқа бей-жай қарамайтын азаматтардың барлығына айтарым! Ауыр атлетикадан Азия чемпионы және Универсиада жеңімпазы Айдар Қазовтың мәселесіне байланысты шет қала алмадым, сондықтан мен де өз пікірімді білдіруді жөн санадым.
Айдарға 2015 жылы Азия чемпионатындағы жеңісі үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Спортшы екі жыл бойы оны өз атына рәсімдей алмады. Одан кейін Азия чемпионына басқа тұрғын үй кешеніне көшуге ұсыныс жасалып, ондағы жылжымайтын мүлікті атына жазуға уәде етілген. Алайда кейін анықталғанындай, әкімдік «сыйға тартқан» пәтер сатылып кеткен. Ұят жағдай болды! Спортшыларға деген қарым-қатынас намысыма тиеді! Чемпионның отбасы далада қалғаны ма? Осындай жағдайға тап болған басқа да спортшыларды білемін. Барлық жауапты мемлекеттік мекеме өкілдеріне өтінішім, қордаланған мәселені шешуге көмектесуді өтінемін. Бұлай болмайды! Спортшылар еліміздің көк байрағын желбірету үшін жастық шағын, денсаулығын, жанын салады!», - деп жазды Ильин.

Оқи отырыңыз: «Ұят болды»: Илья Ильин әкімдік сыйлаған пәтерден айырылған Азия чемпионына қолдау білдірді

Бұған дейін жазғанымыздай, мәселе толық шешімін тапқанша Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің назарында болады.

Эльмира Мәмбетқызы, Нұр-Сұлтан 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.