Енді Facebook пен Instagram коронавирус вакцинасы туралы жалған жазбаларды өшіріп отырады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда халықты жаппай вакциналау жүріп жатыр

Facebook пен Instagram коронавирусқа қарсы вакциналар туралы жалған ақпаратты жойып отырады. Бұл туралы StopCovAlmaty коронавирустың таралуына қарсы әрекет ететін Алматы ақпараттық алаңдарының ресми желісі жазды.  

Бұған дейін аталған ақпаратты The New York Times басылымы да жазған болатын. COVID-19 вакцинасы «адамды өлтіреді» немесе «денсаулығына елеулі зиян келтіреді», «аутизмге немесе бедеулікке алып келеді», «ДНҚ-ны, тіпті адамды маймылға айналдырып жіберетіндей дәрежеде өзгертеді» деген сияқты мәтіндері бар хабарламалар ендігі жерде Facebook желісінің барлық платформасынан жойылатын болады.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Флорида штатындағы Тампе қаласында жүздеген медицина қызметкері көшеге плакат ұстап шығып, вакцинаға қарсы шара өткізді. Бұдан бұрын елдің экс-президенті Дональд Трамп та коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырмайтынын айтқан еді. Бүгінде әлемде вакцина салдыруға қарсы көңіл-күй басылмай тұр. Өткен ғасырларда екпе миллиондаған жанды ажал аузынан арашалап алғаны тарихтан белгілі. Сондықтан, вакцинадан бас тарту тенденциясы ДДСҰ-ын алаңдатып отыр. Бұл жағдай қазір дүниежүзілік денсаулық сақтау саласына қарсы әлемдік қауіп-қатерлер тізіміне енгізілді.

Енді «вакцина алғанша, вируспен ауырып тұрған әлдеқайда қауіпсіз» және «вакциналау адамдардың белгілі бір топтары үшін қауіпсіз емес» деп келетін жалған ақпараттар да әлеуметтік желіден алынып тастап отырады.

Белгілі ІТ маманы, интернет маркетолог Тимур Бектұр Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында The New York Times келтірген мәліметтерден хабардар екенін айтады. Ол бұл бастаманың өте орынды екенін және халық көп қолданатын әлеуметтік желілерде сүзгінің болғанын қолдайды.

«Facebook өзінің барлық платформасында, оның ішінде Instagram да осы шектеулерді енгізді. Сосын WhatsApp-қа ойысатын шығар. Жалпы Deep Web деп аталады, яғни Google арқылы іздеу тетігі жоқ мессенджер болғандықтан, алдағы уақытта ақпаратты көп таратпауға мүмкіндік беретін техникаларын іске қосатын шығар», - дейді Тимур Бектұр.

Facebook желісінің денсаулық саласы бойынша басқарма басшысы Кан-Син Джин ДДСҰ мен басқа да денсаулық сақтау белсенділерімен ақылдасып, осындай шешімге келген. Негізінен Фейсбуктегі ресми парақшалар мен пейдж-лайк деп аталатын жүйелерге шектеулер болады. Ал, жеке аккаунттан жазылатын жазбаларға шектеулер қою қиын. Яғни ресми парақшалар мен топтардағы антивакциналық жазбалар сүзгіден өтетін болады, деп жазады америкалық басылым.

«Қазақстанда жеке аккаунттарды көп қолданып, өз ойымызды жеке парақшаға жазамыз. Ал батыс елдерінде көбі топтарда немесе лайк пейдж қолданады. Фейсбуктегі ресми парақшалар мен топтардағы антивакциналық посттар жазбалар мен материалдар өшірілсе, бұл талап орынды деп ойлаймын. Ал жеке адамдар жазса, олардың сөз бостандығына, жеке пікіріне қол сұғу. Бұл Батыс елдерінің, демократияның қағидаларына жат. Бірақ, ондай жазбаларды лентаның астына түсіріп, мейілінше аз оқылатындай жасаймыз деп отыр. Көрінбейтін, іздегенде ғана табылатын етіп, алгоритмнің бір тұңғиығына тығып жібереміз деп түсіндім. Себебі, кезінде Трамптың коронавирусты мойындамағаны бар, басқа да жарқын үндеулері бар. Содан кейін Facebook есін жиып жатқанға ұқсайды. Енді осы ковидтен кейінгі вакцинаға қарсы, денсаулыққа қарсы батыл қадамдарға барып жатыр», - дейді ІТ маманы.

Алматы клиникалық балалар инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин вакцина салдыруға қатысты үгіт-насихатта интетнеттің рөлі зор екенін айтады. Оның ойынша бұл қарсылық жекелеген азаматтарға екпе салу кезінде тағы да өршуі мүмкін. Ал вакциналаудың алғашқы кезеңінде негізінен дәрігерлер ың-шыңсыз салдырып жатыр.

«Вакцина салдыру әркімнің өзінің еркі дедік. Ал, әлеуметтік желіге не жазамын десе, заң аясынан асып кетпесе ол да әркімнің өз еркі. Көп жағдайда өзінің білімі мен санасына байланысты ғой. Бұл бөлек әңгіме. Ал менің айтайын дегенім, біз вакциналау науқанына кірісіп кеттік. Өзіңіз білесіз, ауруханалар алғашқы болып өз қызметкерлеріне екпе салып жатыр. Алматыда инфекциялық аурухана болғандықтан бұған үлкен мән бердік. Біздің қызметкерлер өткен аптада жоспар бойынша өтті. Жапа шекті дейтіндей факт жоқ. Бір-екі күн қызуы көтерілген адамдар болды. Олар қайтадан жұмысына оралды. Бізде 680 адам жұмыс істейді. Соның 70-тен астам адам қабылдау бөлімі мен реанимация бөлімінде істейтіндер вакцина салдырды», - дейді Е.Сералин.

Бүгін Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының дәрігер-эпидемиологы Эльвира Ибрагимова Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында COVID-19-дың алдын алу шаралары туралы айтты. Қалада бірінші кезең барысында 1 315 медицина қызметкері вакцинацияланды. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Алматыда COVID-19-ға қарсы кезең-кезеңмен вакцинациялау басталды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы