Бозжырада қонақ үй салуға тапсырысты Қаржы министрлігіне қарасты компания берген

Автор: Azattyq Rýhy

Қоғам қарсылығын тудырған Бозжыра шатқалында неліктен қонақ үй салуға болмайды?

Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

2020 жылдың 7 қарашасында Маңғыстау облысындағы 316 141 гектарды құрайтын Жабайұшқан мемлекеттік табиғи қаумалының бір бөлігі саналатын Бозжыра шатқалында қонақ үй салынатыны туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Аталған мәлімдеме қоғамдық пікірді екіге жарды. Эко-белсенділер шатқалда құрылыс салу өңірдің табиғатына, ондағы жануарлар популяциясына зиян десе, жергілікті тұрғындар жұмыс орындары ашылатын болды деп қуанып отыр. Әлеуметтік желідегі қоғам наразылығынан кейін, 2020 жылдың 17 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бозжырада қонақ үй салу туралы шешімді қайта қарауға тапсырма берген болатын. Осыдан кейін облыс басшылығы инвесторлармен бірлесіп, қонақ үй салу үшін жаңа орын қарастырды.

Енді қонақ үй құрылысы көпшілік сұраған тұрғындарға жақын тас жол бойындағы Қорық немесе Сенек маңында емес, Бозжыра шатқалындағы сапар-орталығы Жабайұшқан қорығының аумағынан тыс, шатқалдың «азу тістерінен» 4 шақырым қашықтықта салынбақшы.

Оқи отырыңыз: «Қазақ халқына қарсы қылмыс». Америкалық журналист Бозжырада қонақ үй салуға қарсы

Баспасөз қызметі мұндай шешім қабылдамас бұрын эколог мамандар мен қоғамдық кеңес пікірін назарға алынғанын хабарлаған. Бірақ қоғамдық талқылау Ақтаудан 70 шақырым, Бозжырадан 200 шақырым жерде орналасқан Құрық ауылында өткен.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА ҚАРАЖАТ ӘКІМШІЛІКТЕН БӨЛІНЕДІ

Аты-жөнінің жасырын қалғанын қалаған Ақтау тұрғынының айтуынша, әкімдік қоғамдық тыңдалымға ешкім келмес үшін арнайы алыс жерді таңдаған.

«Қоғамдық тыңдалымға барған адамдардың көпшілігі орын болмауына байланысты кіре алмады. Мен Zoom конференциясы арқылы қосылып отырдым. Бірақ, біздің пікірімізді елеген адам болмады. Алматы мен Нұр-Сұлтаннан келген белсенділер ғана қарсылық танытып, микрофон алып сөйлеген. Ауыл ақсақалдары, тұрғындар қонақ үйдің салынғанын қолдап отыр. Ауыл адамдарымен тыңдалымға дейін жиналыс өткізіліп «Ауыл тұрғындарына тұрақты келісімшарт жасалған жұмыс орындары болатыны, бала-шағаларының алысқа кетпейтіні» айтылған. «Инфрақұрылым дамиды» дейді, бірақ Бурабайда неше түрлі қонақ үй салынса да, жан-жағы тас-талқан ғой. Зәулім қонақ үйлерден аталған өлкеге қыруар инвестиция келген жоқ қой. Бозжырада қонақ үйді Ақтаудағы Rixos иесі салмақшы, ол қонақ үйдің бағасының тым қымбат екенін бәрі біледі. Қарапайым халық үшін қолжетімді емес және сол қонақ үйден өңір бюджетіне әлі бір тиын да түспеген. Алдымен сол Rixos-тан пайда келтіріп алсын. Борпылдақ топырағы бар жерде шалқайып, бассейнде жатамын деу - ақымақ адамның ісі. Су жоқ, ал суды басқа қаладан тасымақшы. Оны тасу үшін талай жерді тесейін деп тұр, ал ол ақшаның бәрі сіз бен біздің қалтамыздан төленген салық есебінен жүргізілмекші. Әкімшіліктен ақша бөлінетін болған соң, қонақ үй салса болды», - деді ол.

ДАУҒА АЙНАЛҒАН ҚОНАҚ ҮЙДІ ТҮРІК КӘСІПКЕРІ САЛАДЫ

Бозжырада салынбақшы болған қонақ үй «Бозжыра сафари» деп аталады. Тапсырыс беруші – Tethys Aktau IV ЖШС.

Tethys Aktau IV ЖШС құрылтайшысы – Tethys IV Ltd.

Tethys IV Ltd» құрылтайшысы – Tethys International Touristic Hub Ltd.

Бас жобалаушы - Sembol Safari Construction. Тапсырыс беруші, бас жобалаушы және құрылыс нысанын салушы бір компания болып тұр. Компанияның иесі елордада бірнеше құрылыс нысанын салған, қазір Түркістан облысында құрылыс жүргізіп жатқан, Ақтаудағы Rixos қонақ үйінің директоры Феттах Таминдже.

Ал осының бәріне тапсырыс беруші - Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Сompany. Аталған компанияның құрылтайшысы – ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.

Еліміздің экология министрлігі құрылыс жұмыстары табиғатқа кері әсерін тигізіп, Қызыл кітапқа енген түрлердің биоалуандығына қауіп төнетіндігін айтып дабыл қаққанымен, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов та Бозжырада туризмді ұйымдастыру үшін қонақ үй қажет деді.

«Қазір біз осы жобаны қоғамдық кеңесте, қоғам белсенділерімен талқылау үстіндеміз. Жалпы ол жерде туризмді ұйымдастыру үшін қонақ үй қажет. Себебі, біз жергілікті бюджеттен қаражат бөле отырып, ол жерге жол тартамыз. Автотұрақтар салынады. Ол жерде келіп-кететін адамдарды реттеп отыру үшін, әртүрлі экологиялық жағдайды бақылауда ұстау үшін бұл жұмыстарды өзіміз реттеуге барлық жоспарымызды жасақтап отырмыз. Сондықтан Бозжыра маңындағы табиғи аймақты тамашалау үшін келетін туристерге жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты алда қоғамдық кеңесте қоғам белсенділерімен талқылап, іске асыратын боламыз», - деді Серікбай Тұрымов ОКҚ алаңында.

«ЖАН-ЖАНУАРЛАР ПОПУЛЯЦИЯСЫНА ОРНЫ ТОЛМАС ЗИЯН»

Azattyq Rýhy тілшісі Бозжыра құрылысына қарсылық білдіріп жүрген эко-белсенділердің пікірін білген еді. Эколог Меңдібай Ағи оқырмандарымызға Бозжыраны туристік нысанға не себепті айналдыруға болмайтынын тарқатып айтып берді.

«Біріншіден, биоалуандылыққа қауіп. Бұл аумақ Қазақстанның Қызыл кітабына кіргізілген Үстірт муфлонының, қарақұйрықтың, қарақұлақтың және өзге де жан-жануарлардың отаны. Муфлон мен қарақұйрық осы аумақтың тұрақты мекендеушілер. Ал, адамдардың, құрылыс техникасының және басқа да инфрақұрылымның болуы аталған жан-жануарлар популяциясына орны толмас зиян келтіреді. Бозжыраның ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін бірегей кешен екенін ескеріп, оны сақтап қалу – әлемдік мұра ретінде өте маңызды екенін есте ұстау керек», - деді маман.

Эколог Маңғыстаудың аң-құсын қорғау және сақтау үшін құрылған Үстірт қорығын кеңейту перспективалық жоспарда тұрғанымен, дәл осы аумақ Үстірт қорығының кеңею аумағына жатады дейді.

«Уақытында табиғи-ғылыми негіздеме экологиялық сараптамадан өткен болатын, алайда, газ кенорнын барлау жөніндегі бекітілген жоспарларға сәйкес кеңейтуге мүмкіндік болмаған еді. Қазір барлау толығымен тоқтатылды, сәйкесінше, қорықтың кеңею мүмкіндігі бар. Мұны да ескеру қажет. Су мен коммуникацияның болмауы. 2017 жылы География институты Маңғыстау облысының туристік әлеуетіне бағалау жүргізген болатын. Ол бойынша шатқалда ешқандай да құрылыс жұмысы жүргізілуге тиіс емес», - деді Меңдібай Ағи.

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕР ӘЛІ ЗЕРТТЕЛМЕГЕН

Сондай-ақ Бозжыра шатқалында археологиялық ескерткіштер орналасқан. Эколог шатқалда және оған жақын аумақта палеолит дәуірінен бастап ерте ортағасыр дәуіріне дейінгі кезеңге жататын археология ескерткіштері бар, олардың және көпшілігі әлі зерттеліп болмағандығын алға тартып отыр.

«Топырақтың жойылу қаупі. Жалпы, Үстірт түбегі топырақтың құрамында гипс тәрізді заттардың болуына байланысты топырақ қабатының бұзылуы және қалпына келмеу қаупі бар. Мәселен, бір жолы өткен көлік ізі ондаған жылдар бойы сақталады. Қоршаған ортаға әсер етуін бағалаусыз кез келген жолды, кез келген құрылысты салуға мүлдем болмайды.

Ұсыныстарымызды бұрын да айтқанбыз, қонақ үйлердің Сенек, Қызылсай және т.б. ауылдардан салынғаны дұрыс. Ал, жол бойына, ұрымтал орындарға этноауылдар мен кемпингтер орналастыру үшін тұрғындарға орын беру керек. Мұндай орындардың Бозжырадан қашықтығы 15-20 шақырымнан кем болмауы тиіс.

Себебі, дамуы кешеуілдеп тұрған ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінде бір серпіліс болар еді. Жұмыссыздық азайып, жергілікті тұрғындардың мәдени-білімдік жағдайының көтерілуіне, жастардың білімге ұмтылысына алғышарттар туар еді», - дейді белсенді.

Айта кететіні, Бозжырада қонақ үй салуға қарсылық білдірушілер онлайн петиция жинап жатыр. Белсенділер қоғам Алматыдағы Көкжайлау шипажайы құрылысына қарсылық білдіргендей, белсенділік танытады деп үміттеніп отырғандарын жасырмады. 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан