Сотталған адамды қабылдайтын ел белгіленген жазадан қатаң емес жаза қолдануға міндетті
Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «конвенцияның негізгі мақсаты - әрбір азаматқа өз жазасын тұрғылықты жері бойынша өтеуге мүмкіндік беру» деп атап өтті.
«Конвенцияға сәйкес, сотталған немесе заңды өкіл тұрғылықты жері бойынша жазасын өтеу туралы өтінішхатпен жүгінеді. Өтінішхаттың негізінде Бас прокуратура сұрау салады. Сұрау салуға азаматтығы туралы куәландыратын құжаттар, оның жазбаша келісімі, сот шешімінің көшірмесі, мінездеме, залалдар туралы мәліметтер қоса беріледі. Сотталған адамды қабылдайтын ел жазаны белгіленген жазадан қатаң емес түрде анықтайды», - деді ол.
Шешім қабылданған соң, сотталған адам 45 күннен кешіктірмей мемлекет аумағынан кетуге міндетті.
«Сұранысты қанағаттандырудан бас тарту негіздері бар. Бұл әрекет жазаны орындаушы мемлекетте егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке, ұлттық заңнамаға қайшы келетін қылмыс емес», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Қазақстанда пробация қызметінің есебінде 447 шетел азаматы тұр. Оның ішінде Өзбекстаннан - 216, Ресейден - 138, Қырғызстаннан - 38, Армениядан 5 азамат Қазақстанда жазасын өтеп отыр.
ТМД елдерінде Қазақстанның 280 азаматы бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазасын өтеуде. Оның ішінде Ресейде - 251, Өзбекстанда - 24, Қырғызстан мен Беларусьте – 2 ҚР азаматы бар.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан