Қорадағы малымызды аулада бауыздап кетіп жатыр – Алматы облысының тұрғындары
Қараой ауылының тұрғындары ұрыны қолға түсіре алмай жүрген әкімдік пен полицияға наразы
Алматы облысы Іле ауданы Қараой ауылының тұрғындары қораларындағы малын ұрлап қана қоймай, аула маңайында бауыздап, бас сирағын қалдырып кететін ұрыларды ұстай алмай жүрген әкімдік пен құқық қорғау қызметкерлеріне наразылық білдірді.
Осыдан 10 күн бұрын Қараой ауылының тұрғыны Ақмарал Сүтбаеваның шиеттей тоғыз баласына азық болып отырған екі сиырын ауыл маңайында бауыздап кеткен. Тұрғындардың айтуынша, бір жыл ішінде бірнеше ауыл тұрғынының малы осылай жоғалған.
«Мәселенің ең біріншісі – ұрлық. Әсіресе, жаңадан пәтер салынып жатқан көшеде ұрлық өршіп тұр. 24 қаңтарда түнгі екі жарымда жаттық. Екі бөлмелі үйде тұрамыз, ауламыз қоршалмаған. Таңғы сағат жетіде жолдасым далаға шықса, сиырлар жоқ. Үш пен төрттің арасында алып кетіп отыр. Сол күні құқық қорғау қызметкерлері бізден түсініктеме алып кетті. Екі күн өткеннен кейін таңғы сағат 7-де ауыл маңайындағы жолдың шетінен екі сиырымыздың бас сирағы, ішек-қарны табылды. Тура жолдың бойында сойған, ешкімнен жасырынбаған. Құқық қорғау қызметкерлері шындап іздесе, сойылған малдың етін анықтамасыз кім қайда апарып сатып жатқанын анықтар еді ғой. Бір сиырым буаз еді, енді біреуін құрбымнан желтоқсан айында қарызға алғанмын. Сауын сиыр болатын. Ауылда тек менің малым жоғалып жатқан жоқ. Жазда бір мұғалімнің де сиырын солай ұрлап кеткен. Құрбымның үйіне ұры түсіп, алтыны мен 500 мың теңге ақшасын алып кетті. Учаскелік полициямыз соны да таба алмай отыр», - деді Ақмарал Сүтбаева.
Аудан орталығына жете алмай отырған Ақмарал ауыл әкіміне кіріп, жағдайын айтқан. Аудан әкімдігінің желідегі ресми парақшасына да хат жазған. Бірақ көпбалалы ана ешкімнен хабар да, көмек те болмағанын айтады.
«Сол түні учаскелік полицияларды шақырдық, олар хабарласқаннан соң екі сағаттан кейін келді. Қараой ауылының әкіміне барып жағдайымды айттым. Тұрғындардың үйіне кіріп шығуға уәде берген әкімнен сол бойы хабар болмады. Жағдайымды айтып, Іле ауданы әкімдігінің Instagram парақшасына да хат жаздым. Менің жазғандарымды оқып, «сәлеметсіз бе» деп қана жауап қатты. Учаскелік полицейлерден де қайран жоқ. Жақында тоғызыншы баламды дүниеге әкелдім. Сол екі сиыр балаларымның айран-сүтін ажыратып отыр еді. Күдіктеніп отырған адамымыз бар, бірақ оны ашық айтуға қорқамыз. Менің жағдайымды көрген көрші-қолаң шамасы жеткенше ақша жинап, бір сиыр әпермекші екен. Ауданымыздың әкімі Бағдат Қарасаев мырзадан жағдайымызға назар аударуды сұраймын», - деді ол.
Ұрылардан зәбір көрген ауыл тұрғындары өздері ақша жинап, көшелеріне жарық орнатқалы жатқанын айтты.
«Жаңақұрылыс көшесінде жарық жоқ, бәрін өзіміз жүргіземіз. Электр жарығын жүргізу үшін мемлекет неге ақша бөлмейді? Өркен, Түркістан, Нұр Отан, Азаматтық және тағы да басқа көптеген көше тұрғындары бірігіп, суды да өздері кіргізді. Біз сияқты суды өз қаражатына жүргізгендер өте көп. Инфрақұрылым мәселесін шешу мемлекеттіктің құзырында емес пе?! Ауылымызға табиғи газ келіп тұр, газды үйге кіргізу бағасы өте қымбат. Былтыр 330 000 теңге көлемінде болды. Бір үйге газ кіргізу миллион теңгеге барып жығылады. Неге мемлекет ең болмағанда бір мәселемізді шешіп бермейді?», - деді Қараой ауылының тұрғыны Жанар Наурызова.
Azattyq Rýhy тілшісі аталған мәселе бойынша Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне, Іле ауданының әкімдігіне, баспасөз қызметіне, сондай-ақ, Қараой ауылының учаскелік полиция бөліміне хабарласты. Учаскелік полиция бөлімі телефон тұтқасын көтермеді. Ал, облыс пен аудан әкімінің баспасөз қызметі әкімдері есептік кездесуде жүргенін айтты.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан