Қазақстан мен Ресей арасында аптасына 2 рейс қана ұшады

Автор: Azattyq Rýhy

Екі ел арасындағы тұрақты әуе рейстері Нұр-Сұлтан мен Мәскеу арасында ғана орындалып жүр

Фото: vlast.kz

Қазақстан мен Ресей арасында аптасына тек 2 рейс қана ұшады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

«Ресейлік «Аэрофлот» әуе компаниясының Қазақстанға ұшуына қатысты БАҚ-тағы ақпаратқа байланысты айтар болса, коронавирус инфекциясы пандемиясына дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы тұрақты әуе қатынасы қазақстандық және ресейлік әуе компаниялары арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Өскемен, Тараз, Қостанай және Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск, Екатеринбург, Астрахань, Қазан, Омбы, Махачкала, Краснодар, Түмен, Минералды Сулар қалалары арасында аптасына 178 рейс жиілігімен жүзеге асқан болатын.

2020 жылғы наурызда коронавирус инфекциясы пандемиясына байланысты екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасы тоқтатылды»,- делінген комитет хабарламасында.

Белгілі болғандай, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты шектеулер енгізілгенге дейінгі Қазақстан мен Ресей арасындағы тұрақты рейстердің қайта басталуы мен рейстер санын ұлғайту әуе компанияларна байланысты емес. Яғни, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және Ресей Федерациясының аумағына жаңа коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі жедел штабтың шешімдеріне байланысты жүзеге асады.

«Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей арасындағы тұрақты әуе рейстерін «Эйр Астана» және «Аэрофлот» әуе компаниялары аптасына 2 рейс жиілігімен тек Нұр-Сұлтан мен Мәскеу қалалары арасында ғана орындап жүр», - делінген хабарламада.