Байзақ ауданы Сеңкібай ауылында не интернет, не телефон байланысы жоқ
Редакциямызға шағымданған бір топ ата-ана өздерін ұмыт қалған елдімекеннің тұрғындарымыз деп таныстырды. Айтуларынша, олар тұратын Сеңкібай ауылында интернет мүлдем жоқтың қасы. Ал, осыған қарамастан мектеп балаларды онлайн оқытып отыр екен.
Төрт баланың анасы Айсара Махамбетәлиева балаларының оқу үлгерімі күрт нашарлағанын айтып шағымданды. Себебі, оқушылардың сабақ өтті деген аты ғана. Шын мәнінде интернеттің жоқтығынан олар не үй жұмысын істей алмайды, не ел қатарлы онлайн-сабағын өте алмайды.
Айсараның 4 қызы да мектепте оқиды: 8 және 6-сынып оқитын қыздары үйде қашықтан, ал бастауышта (3 және 2-сыныптарда) оқитын қыздары офлайн білім алуда.
«Қызым мектептегі мұғаліміне «сәлеметсіз бе» деп жазған. Сол сәлемдемесі әлі бармай тұр. Бақша жақтағы нүктеге барып үйге берілген тапсырмаларды жүктеп-жүктеп алады да, сабақты үйге келіп оқиды. Үй жұмысын істеген соң, сол нүктеге барып мұғаліміне жібереді. Үлкен қызым сабақты 4 пен 5-ке оқитын, өткен тоқсанда ағылшыннан 3 шықты. «Сабаққа қатысқан жоқ» дейді де, бағасы төмендейді. Біздегі онлайн оқу деген осы. Жұмыста да сол нүктелерге барып істейміз», - дейді Айсара.
Ал, Меруерт Тойшыбекованың 3 баласы бар. Ол Сеңкібай тұрғындары билік тарапынан мүлдем ұмыт қалғанын айтады.
«Мәселені көтеріп бармаған жеріміз жоқ. Ата-аналар бірігіп хат та жаздық. Жергілікті биліктің қолынан түк келмейді. Интернет жүргізу үшін 250 үйден асу керек дейді. Біздің ауылда 250 үйден көп. Менде 3 балам бар, оның біреуі мүгедек. Қалай оқытатынымды білмей отырмын. Үлгерімі тым нашарлап кетті бәрінің. Жұмыста жүріп, үйдегі балаларымыздың не істеп жатқанын білмейміз», - деп ашынды Меруерт.
Ата-аналардың айтуынша, ауылда wi-fi орнату операторлар ойына келген бағаны айтатын көрінеді.
«Wi-fi-ды әркім өз үйіне құрғызып жатыр. Оны құрғызу – 130 мың теңге. Менің айлығым 50 мың теңге, оны орнатуға шамам жоқ. Басында 90 мыңға орнататын, қазір қымбаттап кетті. Сонымен, біз сияқтыларда не байланыс, не интернет жоқ. Көрген күніміз осы», - дейді Айсара Махамбетәлиева.
Жергілікті биліктен күдер үзген ауылдықтар енді проблемасын БАҚ арқылы жоғарыға жеткізбек.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан