Былтыр 13 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Автор: Azattyq Rýhy

Тарихи отанына оралғандардың жартысынан көбі Қытайдан келген 

көрнекі сурет

2020 жылдың қорытындысы бойынша 13 мың адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 70,3 мың этникалық қазақ келді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Өткен жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (53,1%) ҚХР-дан, 31,3% – Өзбекстаннан, 8,7% – Түркіменстаннан, 3,7% – Моңғолиядан және 3,3% – басқа елдерден келген.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (51,3%), Маңғыстау (13,3%) және Түркістан (5,6%) облыстарында, сондай-ақ Нұр-Cұлтан (4,1%) және Шымкент (3,9%) қалаларында қоныстанды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар саны 57,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші азаматтар 31,9%-ды және зейнеткерлер 11%-ды құрайды.

2020 жылы қандастарды қабылдаудың бекітілген өңірлік квотасына сәйкес 1,4 мыңнан астам этникалық қазақ пен олардың отбасы мүшелері Үкімет айқындаған өңірлерге: Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарына тұрақты тұру үшін келді.

Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК-тен) бір реттік және тұрғын үйді жалға алуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін) ай сайынғы шығыстарды жабу бойынша 12 ай ішінде субсидиялар беру түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау мыналарды:

  • қоныс аударуға жәрдемдесетін жұмыс берушілерге субсидиялар (кемінде үш жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір жұмыскер үшін және кемінде бес Бағдарламаға қатысушы жұмысқа орналасқан кезде 450 АЕК мөлшерінде субсидиялар) беруді;
  • қажет болған жағдайда техникалық және кәсіптік білім алуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға (Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде) жіберуді;
  • жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК дейінгі мөлшерде мемлекеттік гранттар беруді қамтиды.