Республика бойынша 9 мың адам арасында сауалнама жүргізілді
«Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Шиян Қазақстанда жемқорлыққа арналған зерттеудің нәтижесін жариялады. Қор басшысының айтуынша, зерттеу жұмысына 200-ге жуық сарапшы тартылып, күзде республика бойынша 9 мың адам арасында сауалнама жүргізілген. Одан бөлек, ашық диалог порталына түскен 1,3 мыңнан астам арыз-шағым зерделенген.
«Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау мен Қызылорда облысының тұрғындары жемқорлыққа жиі тап болатынын жеткізді. Жемқорлық қаупі жоғары мекемелер де анықталды. Олар: ауруханалар, полиция, жер қатынастары басқармасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар», – деді Шиян.
Сауалнамаға қатысқандардың үштен екісі, егер қандай да бір мекеменің қызметкері пара алғысы келсе, онда ол әуре-сарсаңға салып, өкілеттігін асыра пайдаланатынын атап өтті. Пара сомасы 1 000 – нан 300 000 теңгеге дейін өзгерді (2019 жылы 500-ден 500 000 теңгеге дейін).