Халық саны азайып барады: СҚО-дан биыл 10 мың адам көшіп кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың дені көрші Ресейге қоныс аударды

Sputnik

Солтүстік Қазақстан облысынан жыл басынан бері 10 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Олардың көбі жайлы өмір іздеп, шетел асқандар деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Мәселен, Петропавл тумасы Надежда Сойдова есепші мамандағын иеленіп, 14 жыл бойы осы салада еңбек еткен. Ал, жолдасы Ресейде мұнайшы болып қызмет етеді екен. Бірнеше жыл қатарынан екі елдің арасында қатынап жүрген ерлі-зайыптылар енді біржола қоныс аударуға бел буған.

«Мен таза еңбегімнің арқасында кәсіпорын басшысының орынбасары лауазымына дейін жеттім. Бірақ жолдасымды енді басқа қызметке ауыстырып жатыр. Оның жалақысы жақсы. Әрине, туған жерімізді қимаймыз. Бірақ көшуге тура келеді», - дейді Петропавл тұрғыны Надежда Сойдова.

Солтүстіктен көшіп кеткен 10 мың адамның жартысы Қазақстанның өзге өңірлеріне, қалғаны алыс-жақын шетелге қоныс аударған.

«Ағымдағы жылдың 9 айында облыстан 10 400 адам көшіп, 6 мыңнан астам адам осында қоныстанған. Яғни облыс халқының саны шамамен 3 мың адамға қысқарған. Бұл былтырғы жылдан қарағанда 22 пайызға артық», - дейді СҚО Статистика департаменті басшысының орынбасары Жанар Қызбекенова.

Шетелге көшіп жатқандардың 98 пайызы Ресейге бет алады. Халық санының қарқынды түрде қысқаруын Еңбек мемлекеттік бағдарламасы сәл де болса бәсеңдетіп отыр. Тек биылдың өзінде оңтүстіктен теріскейге 700 отбасы қоныс аударған. Ал бағдарлама іске қосылғаннан бері Солтүстік Қазақстанның халқы 5 мың адамға толыққан.

Күнгейден қоныс аударып келген азаматтардың көбі бүгінде пәтер жалдап отыр, ал жағдайы келгендері үйді өз ақшасына сатып алған. Кейбіреулері баспана мәселесіне әу баста тоқталған кезде, көшуден бірден айнып қалған болатын. Енді олардың ынтасын арттыру үшін биылдан бастап жергілікті билік жер үйлерді тұрғыза бастады.