Алматы облысында 2 мың полицей рейдке шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Сақшылар жаяу жүргіншілерді де тексереді 

Алматы облысында полиция күшейтілген режимге көшті. Өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Сарышұнақ аязға қарамастан, рейдке шыққан сақшылар көліктерді ғана емес, жаяу жүргіншілерді де тексереді. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында ұйымдастырылған рейд үш күнге жалғасады.

«Қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізуге 2 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Сонымен қатар, ТЖД қызметкерлері мен ҚР Ұлттық Ұланының әскери қызметшілері де тартылды. Айта кету керек, бұл іс-шараның үшінші кезеңі, алғашқы екі кезеңі өткен жылдың желтоқсан айында өткізілген болатын», - дейді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов.

Барлық жерде күндізгі және түнгі уақыттарда да  жаяу патрульдеу маршруттары жүргізіледі. Олар үйлерді аралап, пәтерлерін заңсыз жалға бергендерді де жазаламақ. Жаңа жылдың алдында өткен рейд кезінде күдікті ретінде тіркеуде тұрған 4141 адам тексеріліп, нәтижесінде 184 қылмыс ашылған. Әкімшілік құқық бұзған 4257 адамға айыппұл хаттамасы толтырылған. Кезекші бөлімдеріне түскен хабарлар арқылы бір тәулікте 117 қылмыстың ізі суымай ашылған еді.

«Жедел алдын алу іс-шарасы міндеттерінің бірі - есепке алынған адамдарды тексеру, пәтерлерді заңсыз жалға беретін адамдарды анықтау, қару иелерін тексеру және т. б. Сондай-ақ, тәртіп сақшыларының назары өзге де құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды анықтауға және жолын кесуге аударылатын болады», - деді полиция полковнигі Бағдат Әшімов.