Электронды темекінің зияны: одан қалай бас тартуға болады?

Автор: Azattyq Rýhy

2010 жылмен салыстырғанда елімізде темекі өнімдерін тұтыну 8 пайызға төмендеген

Қазір дәстүрлі темекіден электронды темекіге жаппай көшіп жатқандардың саны артты. Маркетологтар электронды темекінің зияны аз дегенмен, мамандардың сөзінше, қыздырылған вейптардың қарапайым шылымнан еш айырмашылығы жоқ. Денсаулыққа төндірер қаупі де бірдей. Тіпті тұтынушылардың өзі электронды сигареттің ағзаға тез әсер беріп, жүрек соғысын жиілететінін айтады.

Елімізде темекі өнімдерімен күрес соңғы жылдары қарқынды жүріп келеді. «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықованың айтуынша, 2010 жылмен салыстырғанда Қазақстандағы темекі тартатындардың саны 8 пайызға төмендеген. Коалиция жетекшісінің айтуынша, жаңадан шыққан вейптарды қарапайым темекімен теңестіру туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып, депутаттар оны мақұлдаған. Алайда, аталған құжатты талқылау барысында лоббистер тарапынан Коалиция мүшелеріне көптеген қысым мен қарсылықтар болған.

«Қыздырылған темекі мен қарапайым темекі өнімдерін теңестіру жолында қиын кездеңдерді бастан өткіздік. Түзетулерге бірінші болып жастар арасында жоғары сұранысқа ие IQOS темекісін жасаушы «Филипп Моррис» қарсылығын білдірді. «Ақ жол» партиясының тарапынан барлық жұмысқа белсенді қарсылық көрсетілді. Олар темекі сатылатын жерлерде темекілердің көрсетілмей жабық тұруына қарсы болды. Бірақ Nur Otan партиясының қолдауымен және Денсаулық сақтау министрлігінің қатаң позициясының арқасында біз ұсынған түзетулердің бәрі орындалды. Нәтижесінде қоғамдық орындарда IQOS шегуге тыйым салынды.

Қазір кедендік одақта дәстүрлі темекіге арналған техникалық регламенттерді қыздырылған темекі өнімдеріне де қатыстыратын өзгерістер енгізудеміз. Темекі өнімдерінің көрсетілмеуімен қатар шегуге болмайтын темекі айналымына тыйым салу және темекі сатуда жас аралығын 18-ден 21-жасқа дейін өсіруге қол жеткіздік. Біздің заң жобамыз ТМД елдері арасында мықты кодекстердің бірі саналады. Халықаралық темекімен күрес ассосациялары жұмысымызға ризалығын білдіріп, құттықтап жатыр», - дейді Жәмилә Садықова.

БІЗДІҢ ТӘЖІРИБЕМІЗДІ АЗИЯ ЕЛДЕРІ БЕЛСЕНДІ ҚОЛДАНЫП ЖАТЫР

«Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» коалициясы елімізде 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аталған қозғалыс құрамына 25 ұйым мүшелік етіп, 120-ға жуық жеке тұлға кірген. Жоба жетекшісінің айтуынша, темекімен күрестегі біздің тәжірибе Азия елдерінде белсенді қолданылады.

«2005 жылы үлкен құрылтай өткізіліп, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» қозғалысы жұмысын бастаған болатын. Коалицияға 25 ұйым мүше болып, 120-ға жуық жеке тұлға кірді. Осы форматта екі жыл белсенді жұмыс істеп, «Темекісіз» деп аталатын қоғамдық қор аштық. Құрылғалы бері көптеген оң көрсеткішке қол жеткіздік деп айта аламын. Біздің алғашқы жетісітігіміз – «Темекісіз Алматы» жобасы болды. Жоба 2005-2009 жылдар аралығында жұмыс істеді. Аталған бағдарламада сыналған тәжірибе темекіге қарсы күрес туралы 159-шы кодекстің негізін қалады және Денсаулық сақтау министрлігімен бірге мықты стандарттар жасап, 2011 жылы шылым қорабына темекінің денсаулыққа зиянын көрсететін графикалық бейнелерді еңгізу туралы шешім шығарылды. Қорқынышты суреттерді Тайланд және Бразилия тәжірибесінен алдық. Бұл тәжірибені біздің бастауымызбен кедендік ұйымдағы Ресей, Қырғыстан, Қазақстан, Беларусь және Армения елдері іліп әкетіп, темекі қорабына қорқынышты бейнелерді енгізді.

Одан бөлек, темекінің бағасын 200 пайызға өсіру арқылы темекі шегуді 3 пайызға төмендеттік. Қымбаттаулар темекі өндірістін 25%-ға қысқартты, ал тұтастай алғанда елдегі темекі тұтыну 2010 жылы 30% болса, қазір 21,4 пайызға қысқарды. Осылайша темекі өнімдері 8% төмендеді», - дейді Жәмилә Садықова.

ТЕМЕКІГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ АРТЫНДА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАРАҚАТ БАР

Қазақстан психоанализ қауымдастығының мүшесі, психоаналитик Жұлдыз Төлеудің айтуынша, темекіге тәуелділіктің артында үлкен психологиялық жарақат жатыр. Темекі шегетіндердің көбі өздеріне психологтың көмегі керек екенін түсіне бермейді дейді маман.

«Негізі, тәуелділік баланың ата-анамен дұрыс сепарация жасалмауынан туады. Бала дүние есігін ашқанда, шешесімен байланып тұрған кіндікті үзеді. Бұл физикалық тұрғыдан. Психологиялық тұрғыдан да баланың «кіндігі» үзілуі тиіс. Ол бірнеше кезең арқылы өтеді. Сол уақыттарды дұрыс өткере алмаған бала есейгенде міндетті түрде әртүрлі тәуелділікке тап болады. Әдетте темекіге не басқа да құмар ойындарға тәуелді адамдар саналы түрде психологқа бара бермейді. Адамдар көбінде өмірінде болып жатқан ауыр кезеңдерді еңсере алмайтынын білгенде, депрессияға ұшырағанда, не сәтсіздіктерге тап болғанда психолог мамандарын іздейді. Ал темекіні көп тартудың артында да психологиялық жарақат барын түсіне бермейді. Оны тәуелділік деп санамайды. Психологқа барып, жеке проблемасын шешкен темекіге тәуелді адам автоматты түрде темекіні тастап кетіп жатады», - дейді Жұлдыз Төлеу.

Ол зиянды заттарға тәуелділіктен арылудың ең тиімді жолы анонимді клубтарға бару екенін айтады.

«Адам жүз пайыз тәуелсіз болмайды. Кез келген адамның әр нәрсеге тәуелділігі болады. Мысалы, отбасыңдағы ауырған адамға көмектесу, бала-шағаны бағып өсіру – ол да жауапкершілікпен қатар тәуелділікке жатады ғой. Бұл саналы түрде махаббаттан туындаған тәуелділік. Ең алдымен, тәуелді адамның өзі мойындап, өзі емделуге ұмтылуы керек. Бұл шешімнің өзі оның жарты жеңісі саналады. Мұндай жандарды көбінде туыстары сүйреп жүреді. Бұл дегеніңіз, тәуелді адамдардың жаны жетілмей, бала болып қалды деген сөз. Туыстары оны қанша жерден сүйрелегенімен, ол өзі шешім қабылдамаса, емделмейді. Қазіргі кезде ішімдікке не есірткіге тәуелділікті емдеудің ең тиімді жолы – анонимді алкоголиктердің клубы секілді терапиялық топтарға бару», - дейді психолог.

ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІ ҚОЛДАНУҒА ЫҢҒАЙЛЫ…

Елорда тұрғыны Марат Ырысов электронды темекінің қарапайым темекіден басты айырмашылығы оның ыңғайлы екендігі дейді. Ол электронды темекіге ауысқалы бері басы айналып, жайсыздық сезімдері жиі мазалайтынын жасырмады.

«Электронды темекіге көшкеніме жарты жылдың көлеміндей болды. Менің ойымша электронды вейптарды қарапайым темекімен мүлде салыстыруға келмейді. Тіпті, кей кездерде дәстүрлі темекінің зияны аз сияқты деп қаламын. Себебі, электронды темекіні шеккеннен кейін тамақ қысылып, бас ауырады, жүрек соғысы да жиілеп кетеді. Электронды темекіге көшкеннен бері жөтелу мен қақырық шығаруым көбейіп кетті. Аталған темекінің бар артықшылығы ыңғайлығында ғана деп ойлаймын. Үйде немесе көлікте отырып шеге беруге болады, темекінің шоғы түседі деп алаңдамайсың»,- дейді ол.

Мараттың айтуынша, күн өткен сайын электронды вейптардың жастар арасында сәнге айналып жатқаны және оның шын мәнінде, қандай қауіп төндіретіні көбін қызықтыра бермейді.

«Қазір көбі қарапайым темекіден электронды темекіге ауысып жатыр. Мұндағы басты себеп – электронды темекінің сәнге айналып бара жатқаны. Өз басым саналы түрде темекі өнімдерінің қаншалықты қауіпті екенін түсінемін. Арнайы психологтарға бармасам да темекіні қоюға қатысты көптеген мақалалар мен тәсілдерді оқып жүрмін. Қай тәсілді қолдансаң да темекі қою үшін жігер мен ерік керек екенін түсіндім. Жігерің мықты болса кез келген уақытта темекіден бас тартуға болады», - дейді Марат.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан