Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ
Аягөз қаласында орналасқан арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығындағы 4 тәрбиеленушінің өліміне байланысты үш медицина қызметкері сотталды. Бұл туралы Аягөз аудандық сотының баспасөз қызметінен хабарланды.
Сот екі медициналық қызметкерді ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырды, сондай-ақ олардың бір жыл медицина саласында жұмыс істеуіне тыйым салды. Жаза шартты деп саналып, пробациялық бақылауды белгілеу туралы шешім қабылданды.
Тағы бір айыпталушы аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, 3,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, 1,5 жылға медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бұл жаза да шартты болып саналады.
Үкімнің заңды күшіне енбегені, апелляциялық шағым түскен жағдайда оның заңдылығы мен негізділігі апелляциялық сатыда тексерілетіні атап өтілді.
Еске салайық, мамыр айында Аягөзде психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған орталықта оннан астам тәрбиеленуші ауруханаға түсіп, кейін инфекциялық ауруханаға жеткізілген балалардың төртеуі (2006, 2008, 2009 жылы туған үш ұл бала және 2012 жылы дүниеге келген қыз бала) қайтыс болды.
ШҚО прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының жетекшілік етуімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Аягөз қаласында орналасқан арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығында тәрбиеленушілердің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізді.