Алматыда жалғызбасты зейнеткерлерге сыйлық жинау акциясы басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Еріктілер 700-ден астам адамға сыйлық таратпақ

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда жалғызбасты зейнеткерлерге сыйлық жинау акциясы басталды. Азық-түлік пен сыйлықтарды жинау акциясы «Ғажайып аяз ата» деп аталды. Акция аясында Алматы қаласының еріктілері 700-ден астам адамға сыйлық таратпақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

23-25 желтоқсан аралығында еріктілер азық-түлік жинап, өлшеп-орайды, одан кейін 30 желтоқсанға дейін зейнеткерлер үшін азық-түлік пен мерекелік сыйлықтарды таратып, жеткізіп беру ұйымдастырылады.

«Біз, Алматы еріктілері, Жаңа жыл қарсаңында «Ғажайып Аяз Ата» акциясын ұйымдастырмақпыз. Осы акция аясында біз Алматыдағы жалғызбасты зейнеткерлерге ерекше назар аударып, оларға жаңажылдық сыйлықтар беруді жоспарлап отырмыз. Акцияға кез-келген адам қатыса алады», - деді мейірімділер клубының өкілі  Динара Асанова.

Еріктілер осы сынды акциялар арқылы қарт адамдарға көмек көрсету оларға үлкен рахат сыйлайды деп санайды. Қарт адамдардың тізімі тағыда өсуі мүмкін. 

«Менің әріптесім айтқандай, науқанның басты мақсаты – қаламыздың жалғызбасты зейнеткерлеріне аз да болса көңіл бөлу. Адам ерікті ретінде бір іс жасаса, ол өзінің дұрыс істі қолға алғанын сезінеді. Бұл сіздің немен айналысатыныңызға және нені жақсы көретініңізге қатысты емес  -  бұл бізге қажет сезім», – деп толықтырды тағы бір белсенді Блац Дильмира.

Қазіргі уақытта қала еріктілері 59 жастан асқан 700-ден астам жалғызбасты зейнеткерге жаңажылдық сыйлықтар ұсынуды жоспарлап отыр. Айта кету керек, барлық қала тұрғындары, кәсіпкерлер және барлық бей-жай қарамайтын адамдар осы акцияға қатысып, өз үлестерін қоса алады. Сыйлықтар мен азық-түлік өнімдері Байтұрсынов көшесі, 22к1 мекен-жайы бойынша қабылданады.