Өңірде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде
«Nur Otan» партиясы атынан Ақтөбе облыстық мәлихат депутаттығына үміткерлер Әкімжан Есенаманов, Азамат Адаев және Қазыбек Әлішев Мұғалжар тұрғындарымен онлайн-кездесу өткізді.
Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданы – өндірісті өлке. Мұнда ірі мұнай компаниялары бар. Сонымен қатар, мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Үміткер Азамат Адаевтың айтуынша, ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдағы бес жылда суармалы жер көлемі 1,5 есеге артып, 1 200 гектарға жетеді. Асыл тұқымды ірі қара мал басының үлесін 2,6 пайыздан 4,1 пайызға, ұсақ мал үлесін 10 пайыздан 11,4 пайызға жеткізу мақсаты алға қойылды. Ауданда 2024 жылы жылыжай, көкөніс сақтайтын қойма салынады. Ал, 2025 жылы төрт ірі инвестициялық жоба іске қосылады. Ақкемерде сүт өңдеу цехы, Қандыағаш қаласында мал сою бекеті, ет өңдеу комбинаты және Ембі қаласында нан комбинатының құрылысы басталады.
Ал үміткер Қазыбек Әлішев Ақтөбе-Қандыағаш қалалары арасындағы жол құрылысы жөнінде айтып берді.
«Жол – әрбір аудан өмірінің басты күретамыры. Ауданның барлық ауылындағы тұрғындар үшін сапалы жол мен жақсы инфрақұрылым болуы тиіс. «Nur Otan» партиясы аудандық және ауылішілік көлік жолдарын жөндеу мәселесін шешетін болады. 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 38,7 пайыздан 60,1 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Қазыбек Әлішев.
Мұғалжарлық сайлаушылар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өнер орталығын салуды, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы туралы сұрады. Ауданда бұл бағыттағы жұмыс жоспары бар. Мәселен, 2021-2022 жылдары Қандыағаш қаласында дене шынықтыру сауықтыру кешені салынады. 2025 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен жекпе-жек және пауэрлифтинг залы бой көтереді. Ақкемер, Сағашилі, Қожасай, Алтынды, Құмжарған ауылдарында спорт алаңы қолданысқа беріледі.
«Қандыағаш қаласына қоқыс жәшіктері де керек. Себебі кешкі серуенге шыққан кезде қарапайым балмұздақтың қорабын қайда тастарымызды білмей қиналамыз», - деді ауыл тұрғыны Мирамгүл Кетебаева. Nur Otan партиясының Ақтөбе облысы бойынша сайлауалды бағдарламасында бұл мәселе де қамтылған. Мұғалжар ауданының кіші қалалары мен елдімекендерінде қоқысты бөлек жинауға арналған 200 контейнер орнатылады.
«Nur Otan партиясының мақсаты – атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын азайту және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату. Сонымен бірге, ауыл ішін аббаттандырып, ағаш егу керек. Біз біріксек, бір болсақ, алға қойған мақсат-міндетке қол жеткіземіз. Сайлаушыларды сөздің емес, нақты істің жолын таңдаған Nur Otan-ға дауыс беруге шақырамын. Біздің партия елімізді жеңіске жетелейді», - деді Қазыбек Әлішев.
«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.