Заманға сай үш қабатты мектеп барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған
Нұр-Сұлтан қаласы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа оқу ордасымен толықты. Бұл туралы қала әкімі хабарлады.
«Елордада заманға сай үш қабатты мектеп ашылды. Жаңа оқу орны қажетті жаңа жабдықтармен жабдықталған. Балалар биология, химия, математика, робототехника пәндерінен алған теориялық білімдерін бірден тәжірибеде қолдана алады. Мектепте домбыра, шахмат, тоғызқұмалақ кабинеттері, спорт секциялары және т.б. бар. Бұрын дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-лицейінің оқушылары 50 жыл бұрын салынған ғимаратта білім алып келсе, енді жаңа мектепте оқиды», - деп жазды Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қала әкімі сонда-ақ, биыл үш ауысымда оқытатын мектептер мен шамадан тыс жүктеме артылған мектептер саны 2 есеге қысқарғанын атап өтті.
«Дегенмен, әлі де жұмыс істеу керек. Егер өткен жылы біз 6 мектеп салып, пайдалануға берсек, биыл бұл көрсеткіш екі есе көп. Олардың бір бөлігі пайдалануға берілді. Келесі жылдарға дайындық жұмыстары басталды.
Мектеп құрылысы кезінде олардың көлемі ескеріледі. Мысалы, желтоқсан айының басында бұрын бірде-бір мектебі болмаған Мичурино елдімекенінде мектеп ашылды. Оқушылар мектепке бейімделген ғимаратта оқыды. Сабақтар 3 ауысымда өтті. Енді оқушылар үш қабатты кең ғимаратта білім алып жатыр», - деді Алтай Көлгінов.
Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі оқу орындарының құрылысына да инвесторларды тартуды жоспарлап отыр.