Көлік полицейлері күшейтілген қызмет тәртібіне көшеді

Автор: Azattyq Rýhy

Еліміздің барлық теміржол вокзалы мен әуежайларын полиция жасағы тексереді

Еліміздің теміржол және әуе көлігі объектілерінде тиісті құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 11-13 және 22-24 желтоқсан күндері аралығында көлік полицейлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізбек. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осыған орай күнделікті қызметке Көліктегі полиция департаментінің бір мыңға жуық қызметкері жұмылдырылатын болады.

«Еліміздің барлық теміржол вокзалдары мен әуежайларында полиция жасақтары нығайтылып, олар қызметтік-іздестіру иттерімен бірге тұрақты негізде патрульдейтін болады.

Негізгі міндеттердің бірі – әуе және теміржол көлігін пайдаланатын жолаушылардың қауіпсіздігі. ЖПІШ өткізу кезінде полиция қызметкелерімен жолаушылар ағыны бақыланады. Барлық қылмыстарға жедел әрекет ететін қосымша жедел-тергеу топтары құрылған», - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, темір жол және әуе көлігі объектілерінде қылмыстық әрекеттің жолын кесу, қылмыстық жауапкершілікке тарту және есепке қою мақсатында құқыққа қарсы әрекеттермен айналысатын бөтен қалалық тұлғаларды анықтау, есірткі заттарын жеткізу және өткізу арналарын анықтау және жабу бойынша жедел-іздеу іс-шаралары ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері елімізде болу ережесін бұзған, ел аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамаған шетелдіктердің, заңсыз көші-қонды ұйымдастырушылардың, сондай-ақ шетелдік жұмыс күштерін тарту ережесін бұзушы жұмыс берушілердің жолын кесу мақсатында шаралар ұйымдастырады.