Биыл тіркелген 11,8 мың жол апатының 86%-ы жүргізушілердің кінәсінен болған

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда жол апаты көрсеткіші 20%-ға азайды

көрнекі фото

Биыл 11 айдағы жол апатының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға төмендеген. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті хабарлайды.

Осы кезеңде республика бойынша 11 837 жол апаты (2019 жылдың 11 айында - 14 835) тіркеліп, 17 193 адам зардап шекті (өткен жылы – 21 690). 15 439 адам жараланды. Жол-көлік оқиғасынан 1754 адам қаза тапты, ал өткен жылдың 11 айындағы адам өлімі – 2 111.

Жол апатынан зардап шеккендер арасындағы кәмелетке толмағандардың үлесі 3695-тен 2630-ға дейін төмендеді.

Қоғамдық көліктердің қатысуымен болған ЖКО көрсеткіші де айтарлықтай төмендеген – 173, 18 адам қаза тауып, 228 адам жараланды. Өткен жылы бұл көрсеткіш шашамен 2 есе жоғары болды (327 ЖКО, 52 адам қаза тапты, 592 адам жарақат алды).

Жыл басынан бері тіркелген жол апатының (11 837 ЖКО) 86%-дан астамы жүргізушілердің кінәсінен болған, оның ішінде 493 жүргізуші көлік рөліне мас күйде (алкоголь немесе есірткі) болған.

Алматы қаласында 2930 ЖКО тіркелді, бұл республика бойынша көрсеткіштің 25%-ға жуығы. Тиісінше, мұнда жол апатынан 3503 адам зардап шеккен. Нұр-Сұлтан қаласында - 425 жол апаты, Шымкентте - 259 ЖКО тіркелді.

Жол апаты ең аз тіркелген өңір – СҚО (205) және Атырау облыстары (215).