«Бір ай шулатпай қоя тұрыңдар, онсыз да жұмыстан кетемін» - Алматыдағы сәбилер үйін зейнеткерлер басқарады

Автор: Azattyq Rýhy

Мекеме қызметкерлері жалақыға жарымай келеміз деп арызданды

Фотоколлаж

Алматыдағы сәбилер үйінің қызметкерлері онсыз да мардымсыз жалақыларының азайып қалғанына шағымданды. Жетім балаларды тәулік бойы қарайтын мамандардың еңбекақысы қараша айында 40 мың теңгеге дейін қысқарған. 

Мамандандырылған сәбилер үйінде 40-қа жуық бала бар. Оларға білім беру және күтіп-бағумен 109 қызметкер айналысады. Мекеме мамандары өздеріне жаз айынан бері төленіп келген үстемақының аяқастынан қысқарып қалғанына аң-таң. 

Дина Жәутікбаева аталған жайтты Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық қабылдау бөлімінің ресми сайтына да жазған. Бір-екі сұрақ қалдырғаны үшін басшысы оған түсініктеме жаздырыпты. 

«Біз де осындағы балаларға тәрбие береміз, оқытамыз. Педагогтерге қосылған 25% үстемақы бізге неге қосылмаған? Жаз бойы төлеп келді де, аяқастынан қыстартып тастады. Педагог деген мәртебе біреу-ақ, біз соларға жатамыз деп басшыларға айттым. Олар «Бұл балалар үйі емес, сәбилер үйі, педагог емес, балалардың күтуші тәрбиешісі болып жұмыс істейсіңдер, сондықтан төленбейді» деп жауап берді. Әкімдіктің сайтына шағымданып едім, басшы шақыртып, түсініктеме жаздырды», - деді сәбилер үйінің қызметкері Дина Жәутікбаева. 

Мамандандырылған сәбилер үйінің тағы бір қызметкері басшылық тарапынан жасалып отырған әділетсіздік тек бұл емес екенін айтады. Оның сөзінше, сәбилер үйіндегі басшылардың көбі – зейнеткерлер. Мүгедек, денсаулығы нашар балаларға қарайтын зейнеткер-тәрбиешілер де аз емес.

Жасы жетпіске жақындап қалған қариялардың өздеріне күтуші керек дейді мекемедегі жағдайды айтқан тәрбиеші. Алайда, зейнеткерлер жас мамандардан жоғары жалақы алады. Өйткені, басшылық оларға екі ауысымнан, яғни жұмыстағы сағаттар санын артығымен беріп қойған көрінеді. 

«Бізге басшылар үстемақының төленбеуін «Сендер балаларға қарайтын тәрбиешісіңдер» деп түсіндірді. Бірақ олардың талабы бойынша, біз жетім балаларға тәрбие беріп қана қоймай, білім де беруіміз керек. Бұрыннан сабақ береміз, ай сайын ашық сабақ та өткіземіз. Тіпті ашық сабақтарды «Дом ребенка» деген әлеуметтік желіге де салып отырады. Сонда балаларға көп жылдан бері білім беріп келсек те, бізді педагог деп санамай отыр. Сәбилер үйінің басшысы зейнетке шығып кеткен адам. Мекемедегі екінші бастықты аға тәрбиеші деп айтамыз, оның жасы 69-да. Алды 10 жыл бұрын зейнетке шықса да жұмыстан кетер емес. Біз толық көлемде жұмыс істей алмаймыз, зейнеткерлер көп, онымен қоймай, олар екі есе мөлшерлемемен кезекшілікке шығады. Мысалы, мен айына үш рет қана кезекшілікке шығамын, өйткені жұмыс кестемнің айналып келгенін күтемін. Ал зейнеткерлердің кезекшілігі жиі келіп тұрады. Қартайған адамдар мүгедек балаларға қалай қарайды? Олардың өздеріне бір-бір күтуші керек», - деді атын жазбауды өтінген тәрбиеші.

Сәбилер үйіндегі келеңсіздікті айтқан қызметкерлердің сөзінше, қараша айында тәбиешілерден түгелдей ақша ұсталған. Мұның себебін сұрағанда оларға бұған дейін айлықтың артығымен төленіп келгенін, зейнеткерлердің жүктемесі азайтылатынын айтып, бұл жағдайды сыртқа шығармауларын ескерткен. 

«Қызметкерлердің бәрі проблеманы ашық айтуға қорқады, өйткені көбі жұмыстан айырылып қаламыз деп ойлайды. Соңғы кезде тым болмағанда, 100 мың теңге айлық алу дегенді ұмыттық. Бір қыз бастықтарға барып шағымын айтып келген еді, сонда бухгалтер 2 млн теңгенің жоғалып кеткенін, қолды қайда қойып, ақшаның қайда аударылғанын білмей отырғанын айтыпты. Соған қарағанда жоғалған 2 миллион теңгені бізден қысқартылған ақшамен жауып, орнын толтырмақ-ау. Ақшамыздың қайда кеткенін үнемі осылай түсінбей жүреміз. Бастық «Шулатпай қоя тұрыңдаршы, бір айдан кейін онсыз да жұмыстан кетемін» деген соң тағы да басылып қалдық», - дейді сәбилер үйінде он жылдан бері жұмыс істейтін тәрбиеші.

Алматыдағы сәбилер үйі 75 балаға шақталған. Балаларды асырап аламын деген жандарға кедергі аз болғандықтан, дені сау сәбилер бұл жерде көп уақыт тұрақтамайды екен. Қазіргі таңда мекемеде 38 бала болса, олардың 12-сі мүгедек. Үш жасқа дейінгі сәбилерді бағатын орталықта 109 адам жұмыс істейді. Мекеме Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарайды. 

«Балалар сау болса бұл жерден тезірек асыраушысына кетуі керек, Үкімет сондай шешім шығарған. Балаларды азайтуымыз керек. Басы үлкен, өздері жүре алмайтын мүгедек балалар бар. Оларды шомылдырғанда жанында үш тәрбиеші тұрады. Мен де 4 жыл бұрын зейнетке шыққанмын, келісімшартым 2021 жылдың қаңтарында бітеді. Біздегі зейнеткерлер өте жақсы жұмыс істейді, балаларды жақсы көреді. Енді мен оларға ескерту қағаздарын беремін, осы айда ғана жұмыс істейді, оларды бір «ставкаға» ауыстырамын. 6 тәрбиеші, 2 медбике, шаруашылық басшысы сынды барлығы 12 зейнеткер жұмыс істейді. «Сестра хозяйка» балаларды өте жақсы көреді, жасы 67-де, балаларды өзі киіндіреді. Зейнеткерлердің бәрімен келісімшарт жасалған, олардың жұмысында бір мін жоқ. Тәрбиеші шағымын сайттан алып тастады», - деді Мамандандырылған сәбилер үйінің басшысы Ләтипа Қожамқұлова.

Қожамқұлова 2011 жылдан бастап 3 бірдей балалар үйіне басшы болғанын айтады. Зейнетке шыққан соң 2017 жылы мамандырылған сәбилер үйіне басшылыққа келген. Ал бас есепшінің сөзінше, маусым айында қызметкерлерге артық ақша төленіп қойған. Төлем жасаудың алғашқы үлгісін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мақұлдамаған соң, қараша айында қызметкерлердің айлығын қысқартуға тура келген.  

«Денсаулық сақтау саласына қарасты мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге жалақы төлеу туралы Үкіметтің қаулысы 24 қыркүйекте бекітілді. Қараша айында қызметкерлердің ақшасы қысқартылғаны рас. Себебі, айлық төлеудің алдын ала жобасы бойынша біз сәуір, мамыр айларында жоғары пайыздық мөлшерлемемен қызметкерлерге жалақы төледік. Ол кездегі пайыздық есеп көп болғандықтан министрлік оның мөлшерін азайтты. Мәселе, бас дәрігер, педиатр, дәрігерлердің негізгі жалақысына (БДО - ред.) ол кезде 700% қосылады деп көрсетілсе, кейін ол 210%-ға түсті. Сонда республикалық бюджеттен қосылған артық ақша кері қайтарылды. Қазір дәрігерлерге – 37 164 теңге, медбикелерге 120% бойынша – 21 236 теңге, күтушілерге – 50%, яғни 8 800 теңге қосылды. Оны біз 1 шілдеден бастап төлеп келеміз», - деді Мамандандырылған сәбилер үйінің бас бухгалтері Орынбасар Халықова. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы