Осыдан бір ай бұрын Мемлекет басшысы «алкогольді ішімдіктердің кез-келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп заңға өзгеріс енгізуді тапсырған еді
Бүгін Мәжілісте таныстырылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында мас күйінде көлік жүргізетін адамдарға қатысты жазаның күшейтілетіні айтылды.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов «қазір мас болсын, сау болсын, адамды машинамен қағып өлтірсе, жаза бірдей, ары кетсе бес-ақ жыл» деп күйінді.
«Мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отырмыз. Енді мас күйінде жасалған осындай қылмыс үшін он жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасын көздеп отырмыз», - деді Ахметжанов.
Ал, адам өліміне әкеп соқпаса, мас күйінде көлік жүргізген адамдар әкімшілік құқық бұзу кодексіне сәйкес, 30 тәулікке қамалып, сегіз жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан