Ақтөбеде қарттар үйінің қызметкері зейнеткерлерді алдап, банк карточкаларынан ақша шешіп келген

Автор: Azattyq Rýhy

Мекемеде қариялардың көбі өздігімен жүре алмағандықтан, банкоматтағы ақшасын шешуге бара алмайды

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбедегі қарттар үйінің қызметкері алаяқтық жасады деп айыпталуда. Ол зейнеткерлердің сеніміне кіріп, банк карточкаларынан ақша шешіп келген көрінеді. Бұл туралы «Еуразия» телеарнасы хабарлады.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, мекеме қызметкері қарияларға олардың карточкаларының мерзімі аяқталғанын айтып, ауыстырып беруге көндірген. Оған сенген қарттар карточкамен қоса құпия кодты да жазып беріп отырған. Күдікті азамат емін-еркін ақша шешіп, өз қажеттілігіне жұмсап келген.

Бүгінгі таңда Ақтөбедегі қарттар үйінде 226 адам бар. Олардың жартысына жуығы өздігімен жүре алмайтын бірінші және екінші топтағы мүгедектер.