«Қазпошта» қызметін жамылған алаяқтар жұрттың ақшасын ұрлап жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Банк қызметкерлері карта деректемелерін және үш таңбалы кодты ешкімге бермеу керек екенін ескертеді

 

Фото: еkaraganda.kz

Хабарландыру сайты арқылы «Қазпошта» қызметін жамылған алаяқтар адамдардың ақшасын ұрлайтын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қаржы аударамыз деген сылтаумен банк карточкасының нөмірі мен үш таңбалы жасырын кодты иемденіп алады. Пошта тасымалымен айналысатын ұлттық оператор жеке деректемені ешқашан сұратпайтындарын айтады.

Әсел Қонысбаева хабарландыру сайтына жиі жүгінеді. Бірде затын сатпақ болған ол әдеттегідей тауардың суретін салып, жариялайды. Көп ұзамай әлдебіреу затын алуға ниетті екенін, төлемді «Қазпошта» арқылы жасайтынын айтып хабарласты. Ақшаны аудару үшін тіпті арнайы сілтеме жібереді. Онда банк картасының толық нөмірін, 3 таңбалы кодты жазу керек екен.

«Мен бірден алаяқтар екенін түсіндім. Ол бірінші рет емес. Бірнеше рет сондай жағдаймен бетпе-бет қалдым. Өте сақ болу керек», - дейді қала тұрғыны Әсел Қонысбаева.

Сілтеме ресми пошта қызметі сайтының үлгісінде жасалған. Көп адамда күдік туғызбайтыны содан. Қаннен қаперсіз картаның толық дерегін сілтемеге салып жібереді. Алаяқтар шоттағы сомманы толық шешіп алғанда ғана, сан соғып қалғанын біледі. 

«Өз клиенттерімізге айтарымыз, ешқандай да карта деректемелерін жібермеңіздер, үш таңбалы кодты ешкімге көрсетпеңіздер, жібермеңіздер. «Қазпошта» ешқашан картаның деректемелерін сұрамайды», - деді «Қазпошта» АҚ бас маманы Анар Ғайболлаева.