Коронавирустың емі «Гепарин» екені рас па?
Мамандар оны коронавирустың алдын алу үшін қолдануға болмайтынын айтты
Қазнет қолданушылары бір-біріне COVID-19 инфекциясын «Гепаринмен» емдеуге кеңес береді. Кейбірінің мәлімдеуінше, емделу үшін аталмыш препаратты пайдалануға дәрігерлер кеңес берген. Stopfake.kz порталының хабарлауынша, бұл препарат вирустық ауруларды емдей алмайды және дұрыс қолданылмаған жағдайда денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.
«Гепарин» – қанды сұйылту үшін қолданылатын дәрі, антикоагулянттар тобына жатады. Ол арқылы веноздық тромбоэмболияны және ми-қан айналымының бұзылуын емдейді.
Оны КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін қолданатыны рас, ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастарға арналған қосымша дәрі. Оның көмегімен тромболитикалық асқынулардың алдын алады. Препарат тек стационарда ғана қолданылады.
«Гепаринді» дәрігердің бақылауынсыз қолдану сүйектің кенеттен сынуына және остеопорозға әкелуі мүмкін, тіпті асқазан-ішектен қан кетуі ықтимал. Оны коронавирустың алдын алу және симптомсыз тасымалдаушыларды емдеу үшін қолдануға болмайды.
Айта кетейік, мамандар коронавирус инфекциясы кезінде «Гепаринді» қолдану қажеттілігін әлі де зерттеп жатыр. Атап айтқанда, кейбір науқастарда препаратты қолдануға қарамастан тромботикалық асқынулар сақталатынын дәлелдейтін зерттеулер бар. Сонымен қатар, бірқатар мамандардың айтуынша, «Гепаринді» қолдану аса ауыр жағдайда коронавируспен ауырған науқастарға қатысты өлім қаупін айтарлықтай төмендетеді.