Қазақстандықтарға 300 млрд теңге әлеуметтік жәрдемақы төленді

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде мүгедектікке байланысты 45 507 теңге және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 42 614  теңге төленеді

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 242 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы төлеуге 61 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы қазан айында республикалық бюджеттен мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 23,6 млрд теңге, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы төлеуге 6,2 млрд теңге бағытталды.

«2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 518,8 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар саны 145,7 мың адамды құрайды», - делінген ведомство хабарламасында.

Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауында болған адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

«Осы жылғы 1 қарашада мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 45 507 теңгені, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 42 614 теңгені құрап отыр», - делінген хабарламада.