Акция барысында полицейлер тұрғындарға брошюралар таратқан
БҚО полиция қызметкерлері Ішкі істер министрлігінің нұсқауын орындау үшін биыл 13-15 қараша аралығында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты кең көлемді акция өткізді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – отбасында қылмыстың болуына жол бермеу және тұрғындардың құқықтық тұрғыда сауаттылығын арттыру, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Аталған акцияға әр түрлі ұйымдардан 441 адам тартылды, оның ішінде 252 полицей, сот пен прокуратура органдарының 117 өкілі, білім беру мекемелерінің 110 маманы, денсаулық сақтау саласының 22 қызметкері, үкіметтік емес ұйымдар мен дағдарыс орталығының 16 қызметкері, сондай-ақ БАҚ өкілдері бар.
Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлері өздерінің әкімшілік аумағында тұратын тұрғындармен кездесіп, оларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүрген адамдардың әрекет ету алгоритмін түсіндіріп, брошюралар таратты, сенім телефондарының нөмірлерін берді.
Акция кезінде 1897 материал үлестіріліп, көпқабатты үйлердің подъезінің алдындағы хабарландыру тақталарына отбасы тұрмысында зорлық-зомбылық азабын тартып жүрген адамдардың хабарласуы үшін сенім телефондарының нөмірлері мен сайттардың мекен-жайы ілінді.
Атап айтқанда, 13 қараша күні қала аумағында орналасқан жатақханалардың аулаларын аралап, тексеру жұмыстары жүргізілді. Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары Абай даңғылы 89, Алмазов көшесі, 58, 58 а, 60, Х.Чурин көшесі, 119, Құрманғазы көшесі, 165 мекен-жайында орналасқан жатақханаларда тұратын әйел адамдармен кездесіп, олардың құқықтары мен міндеттері туралы түсіндіру жұмысын жүргізді.
14 қараша күні облыстық дағдарыс орталығына барып, отбасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүрген әйел адамдарға заңдық тұрғыда кеңес берді.
Сонымен қатар, акция шеңберінде полиция қызметкерлері кадр құрамы әйел адамдардан тұратын мекемелерге (медициналық мекемелер, білім беру ұйымдары, банктер) барып, осы тақырыпта сөз сөйледі.
Орал қаласындағы мектептерге бекітілген инспекторлар ZOOM платформасы арқылы «Зорлық-зомбылықсыз өмір сүру», «Отбасында зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Зорлық-зомбылық көрсеткен адам ақталмайды!», «Отбасындағы тәрбие жұмысының ерекшеліктері» тақырыптарында ата-аналар жиналысын өткізді.
Аталған іс-шаралардың нәтижесінде әйел адамдардың сенім телефондарына хабарласып, отбасындағы зорлық-зомбылық жөнінде жүгінуі бойынша 29 факт тіркелді, оның ішінде 25 әйелге заңдық тұрғыда, 15-іне психологиялық тұрғыда көмек көрсетілді. Осы кезеңде 15 жүгіну келіп түсіп, 5 отбасында айқай-шу шығарған адамға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, 3 құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды.
Полиция департаменті бастығының 2020 жылғы 4 қарашадағы №586 бұйрығымен барлық учаскелік полиция пункттерінің әлеуметтік желілердегі аккаунты ашылып, онда ақпараттық буклеттер, құқықбұзушылық пен қылмыстық әрекеттердің алдын алу бойынша бейнероликтер жариялануда.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан