2050 жылға қарай Қазақстанда халық саны 25,4 млн адамға жетеді – болжам

Автор: Azattyq Rýhy

2050-ші жылдарға қарай Қазақстанда ұлдар саны қыздардан сәл асады деп болжанады

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының демографиялық болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанда халық саны 11,8%-ға өседі (2019 жылмен салыстырғанда) және шамамен 20 млн 692 мың адамға жетеді. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Шамамен 12,7 млн адам (61,2%) қала тұрғындары, ал ауыл тұрғындарының саны 8 млн-нан асады (38,8%).

Сондай-ақ, демографиялық өсімнің қазіргі деңгейі сақталатын болса, 2050 жылға қарай ел халқының саны шамамен 25,4 млн адамға жетіп, бұл 2030 жылғы деңгейден 22,7%-ға және 2019 жылғы көрсеткіштен 34,3%-ға артық болады деп болжанады. Оның ішінде 16,7 млн адам (65,7%) қалаларда, ал 8,7 млн адам (34,3%) ауылдық жерлерде тұрады.

«2030 жылға қарай халықтың 27,4%-ы, 2050 жылға қарай 36%-дан астамы республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұратын болады. Болжамымыз бойынша, өңірлерге келетін болсақ, 10 жылдан кейін Алматы және Түркістан облыстарында халық саны 2 млн адамнан асып, ал Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 1 млн-нан астам тұрғын болады. 2050 жылға қарай Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары да миллион тұрғыны бар өңірлерге айналады», – деп бөлісті ЕРДО болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Сондай-ақ, халықтың орташа жасының біршама өсу перспективасын атап өткен жөн. Осылайша, 2019 жылы орташа жас 31,4 жасты құрады (ерлер үшін - 29,7 жас, әйелдер үшін - 32,9 жас). 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 32,7 жасты (ерлер үшін 30,9 жасты және әйелдер үшін 34,4 жасты) құрайтын болады, ал 2050 жылға қарай орташа жас 32,4 жасқа (ерлер үшін - 30,8 жас және әйелдер үшін - 34,1 жас) теңеледі.

«Өлім-жітімді, тууды және көші-қонды өткен жылдар деңгейінде сақтай отырып, 2030 жылға қарай 14-29 жас аралығындағы жастар саны өткен жылмен (2019 ж.) салыстырғанда 26%-ға өседі және 4,4 млн адамды құрайды деп болжап отырмыз. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 5,1 млн-ды құрайды», – деп атап өтті сарапшы.

Болжамдарға сәйкес, Түркістан облысы 2030 жылы жас тұрғындардың үлесі бойынша көш басында болады: өңірдегі жастардың саны 516 мың адамды құрайды да, үлесі 24,3%-ға дейін өседі. Алматы облысы 488 мың ұлдар мен қыздар көрсеткішімен екінші орынды, ал Алматы қаласы 479 мың жастар өкілі көрсеткішімен үшінші орынды алады.

Сонымен бірге, сарапшылар 21-ші ғасырдың ортасына қарай Қазақстан жастарының үштен екісі қалаларда тұрады және ұлдар саны қыздар санынан сәл асады деп санайды.