Оқиға 16 қараша күні Талғар қаласында болған
Алматы облысында столды тоқпақтап, тұрғындарға айғайлаған бас дәрігердің қылығын комиссия қарайтын болды. Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері жиналыста өзін ұстай алмай, халыққа ақырған болатын.
Нұрлан Құлсейітовтің ашуына тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар тиген. Ақыры ол жиналыстың соңына дейін отыра алмай, ғимаратты тастап шығып кетті. Айқайға басқан басшының әрекетін жиынға қатысқандар видеоға түсіріп, роликті әлеуметтік желілерге жүктеген. Белгілі болғандай, жергілікті халық Құлсейітовке дәрі-дәрмектің жетіспейтінін айтып шағымданыпты. Бұл жиында Талғар ауданы әкімінің орынбасары мен фармацевтикалық компания басшылары да болған.
«Мен үшінші топтағы мүгедекпін. 2013 жылы менің балам құлаған кезде біз Талғардағы орталық аудандық ауруханасына келдік. Балама медициналық көмек көрсетілмеді. Содан кейін мен айғай-шу шығардым. Менің сізге деген көзқарасым нашар. Дәрі-дәрмекті өзім сатып алдым, түбіртектердің бәрі сақтаулы. Емханаға келсек, қызметкерлер дәрі жоқ дейді. Дәрі қайда, оған бөлінген 7 миллиард теңге қайда?» - деп сұрады жиналыста өзін Мусаров деп таныстырған талғарлық тұрғын.
Тұрғындардың сұрағына аушланған бас дәрігер бұдан соң үстелді жұдырығымен тоқпақтап, жиналысты тастап шығып кетті. Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Ашимахун халықты тыныштандыруға тырысқанмен, жиналыс басталмай жатып аяқталды.
Тұрғындардың сөзінше, бас дәрігер ерсі әрекеттерін бұған дейін де көрсеткен. Халық жергілікті биліктен Құлсейітовтың қылығын түсіндіруді талап етті.
«Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жанынан Талғар аудандық аурханасының бас дәрігері Нұрлан Құлсейітовтің этикалық нормалары мен кәсіби мінез-құлығын қарау үшін комиссия құрылды», - деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз жетекшісі Ләйлім Әубәкірова.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы