Егер ұсыныс қолдау тауып, жүйе іске қосылып жатса, жүргізушілер күн сайын айыппұл арқаламақ
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК басшысы Замир Сағыновтың айтуынша, Қазақстанда тіркелетін жол апаттарының көбі жылдамдықты асыру салдарынан болады. Ол аталған мәселені шешу үшін көлік жүретін жолдардың бәріне полиция базасымен біріккен камералар орнатып, заңға «орташа жылдамдық» түсінігін енгізуді ұсынды, деп жазады Kolesa.kz.
Шендінің пікірімен ресейлік әріптестері де келіседі.
«Жол ережесін автоматты тіркейтін құрылғыларды дамытудағы мақсат — кез келген ереже бұзушыны жауапқа тарту арқылы жүргізушілерді тәртіпке үйрету. Сондықтан камера жол бойындағы әрбір бағанға қойылуы тиіс», - дейді жол қозғалысын фото-видеоға түсіру кешенін өндіретін «Садко» компаниясының директоры Александр Колесников.
Айта кетерлігі, қазіргі жол қозғалысын бақылау камераларының сапасы артып, тек көлік нөмірін ғана емес, белдік тақпау не рөлде отырып телефонмен сөйлесу сынды салондағы ереже бұзу сәттерін тіркейтін деңгейге жетті.
«Технологии распознавания» компаниясының өкілі Сергей Кусов жолдағы камералардың көлік шамынан да, алдыңғы әйнек пен нөмір жазылған тақтайшадан да ақпарат ала алатынын айтады. Алдыңғы әйнекке зер салсақ, салонда кім отырғанын, жүргізушінің қолында телефонның бар-жоғын және рөлдегі адамның қайда қарап отырғанын түсінуге болады.
«Егер ұсыныс қолдау тауып, жүйе іске қосылып жатса, жүргізушілер күн сайын айыппұл арқалауы мүмкін», - дейді сарапшылар.
Камера не радар көмегімен елде толықтай әділеттілік орнайды деп айту қиын, әрине. Жауаптан қашу үшін небір құйтырқы әрекеттерге барып жатқандар да аз емес. Алайда бақылауды күшейтудегі негізгі мақсат — жүргізушілердің жол ережесін бұзуын азайту. Оған қоса, айыппұлдан түскен ақшамен қазынаның толығуы биліктің осы бағытта қарқынды әрекет етуіне ықпал етеді.