Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қанша қазақстандық баспаналы болды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде тұрғын үйге мұқтаж 530 мыңнан астам азамат кезекте тұр

Фото: ашық дереккөзден

Тәуелсіздік алған уақыттан бері қабылданған бірнеше мемлекеттік бағдарлама бойынша 114 мыңнан астам отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 63 мыңнан астам үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді.

«2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама жұмыс істеген 3 жыл ішінде 36,8 млн шаршы метр немесе 330 мың тұрғын үй салынды. Қолжетімді тұрғын үй және жеңілдетілген несие беру арқылы мемлекеттік қолдау шараларымен 89 мыңға жуық отбасы қамтылды. «Нұрлы жер» бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға 919 млрд теңге мемлекеттік инвестиция бағытталды. Сонымен қатар, осы жылдар ішінде тұрғын үй құрылысына 3,6 трлн тенгеден астам жеке инвестициялар салынды», - деді Мархабат Жайымбетов.

Бүгінде тұрғын үйге мұқтаж 530 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Көрсетілетін қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында осы жылдан бастап кезекте тұрғандардың Бірыңғай республикалық базасы іске қосылды. Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған және азаматтардың тұрғын үйге мұқтаждығы мен кезекте тұрғандардың кірістері бойынша анық мәлімет береді.

«Елбасы мен мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірінші кезекте сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үймен көпбалалы отбасылар қамтамасыз етіледі. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру кезеңінде 30 мың отбасына тұрғын үй беру жоспарлануда, оның ішінде биыл 4 835 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», - деді Мархабат Жайымбетов.

Биыл Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу бойынша міндеттеме қабылдады. Бұл міндеттеме бойынша 150 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсарту көзделеді, оның ішінде 40 мыңға жуық отбасы мемлекеттік инвестициялар шеңберінде тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады.