Қараусыз қалған жануарлардың тамағына мемлекеттен қаржы бөлінбейді – «Астана ветсервис»

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде Нұр-Сұлтандағы орталықта 600-ге жуық ит пен 150 мысық бар

Фото: Батыр Беспаев

«Ит адамның досы» деп жатамыз. Бірақ бүгінде тіршілігі далада емес, кеңседе қайнаған шаһар жұрты төртаяқтыны бағудан гөрі сатуға ынтық. Хабарландыру арасында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ең қымбат иттің құны 500 мың теңге деп тұр. Тұқымы – Кавалер Кинг Чарльз Спаниель. Иә, мұндай қымбат күшікті көшенің кез келген бұрышынан көре бермейтініз анық. Жалпы, сатылатын бағалы тұқымды күшіктердің құны орта есеппен, 250 мың мен 350 мың теңгенің арасында.

Дегенмен, интернет желісінде иттерді сатушылардан гөрі, тегін тарататындардың саны жетіп артылады. Содан да болар, соңғы жылдары мегаполистердегі қаңғыбас жануарлар саны біршама артқан. Мамандардың айтуынша, оған себеп те жоқ емес.

«Итті асырап алушылар көбейді деп айта алмаймын. Керісінше, жылдан жылға азайып жатыр. Ал иттер керісінше,  көбейіп жатыр. Өйткені тұрғындардың басым бөлігі қазіргі уақытта көпқабатты үйлерге көшуде. Жер үйлер тиісінше, сүрілуге кетуде. Сондай үйлердің иелері иттерін осындай уақытша изоляторларға тастап кетуге мәжбүр» - дейді  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ШЖҚ «Астана ветсервис» КМК Қаңғыбас және қараусыз қалған жануарларды аулау, күтіп ұстау бөлімінің басшысы Алмас Тұрымбетов.

ОРТАЛЫҚҚА ЖЕТКІЗІЛЕТІН ЖАНУАРЛАР САНЫ ЖЫЛ САЙЫН АРТЫП ЖАТЫР

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанынан құрылған қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстау орталығында 300 теміртор бар. Десе де, мұнда қазіргі уақытта 600-ге жуық ит пен 150 мысық бар. Вольер саны жеткіліксіз болғандықтан, күн суығанша жануарлардың жартысы ғимараттың сыртын паналауға мәжбүр.

«Тұқымы ірі, сондай-ақ жақында ғана күшіктеген иттер вольерде тұрады. Өйткені оларға күтім көбірек керек. Сыз өтпеуі тиіс. Едендері ағаштан жасалған. Ал қыстыгүні барлық иттер базаға орналастырлады» - дейді Алмас Тұрымбетов.

Орталыққа әкелінетін жануарлар саны жыл сайын артып жатыр. Мұнда тұқымы жоқ иттерден бастап, тазы, алабай, тіпті хаскиді де кезіктіруге болады. Төртаяқтылардың басым бөлігі көше кезіп жүргенде ауланады екен.

«109 нөміріне қоңырау шалып, IKomek арқылы қала тұрғындары өтініш беріп жатады. Кейде тұрғындар өздері хабарласып, жабайы қаңғыбас иттердің қай жерде жүргені туралы хабар айтады. Біз сол арқылы иттерді көшеден аулаймыз», - дейді маман.

Бұл жерге тап болған төбеттер ең алдымен, 10 күндік карантиндік базаға жабылады. Міндетті түрде дегельминтизациядан өткізіледі. Яғни, іш құртынан арылу үшін арнайы дәрі беріліп, артынша құтыруға қарсы вакцина егіледі. Тек содан кейін ғана жануарларға арналған баспанаға жіберіледі.

«Бұл жерде олар 60 күн болады. 60 күн өткеннен кейін оларды үшінші тұлғаларға береміз. Үшінші тұлға дегеніміз – қала тұрғындары және еріктілер тобы. Қазіргі уақытта еріктілер тобымен меморандум арқылы келісімге отырғанбыз. Олар иттерді тамақтандыруға, күтіп-бағуға көмектеседі. Бізден жануарды алып кеткеннен кейін ары қарай жаңа иелерін іздестіріп, оларды орналастырумен айналысады», - деді Алмас Тұрымбетов.

Қалада мұндай орталықтар санаулы ғана болғандықтан, еріктілер екі айдан кейін де жануарларды осында қалдыруға мәжбүр. Тек ендігі барлық жауапкершілік еріктілер тобына жүктеледі.

«60 күннен кейін барлық жануарлар «СтопОтлов» жануарларды қорғау жекеменшік қорының қамқорлығына өтеді. Біздің басты міндеміз – оларды тиісті жерлерге орналастыру. Ол үшін әлеуметтік желілерде олардың фотосуретін жариялап, барынша жақсылап жарнамалауға тырысамыз. Сонымен қатар, түрлі вирустардың алдын алу үшін бойынша емдік шараларды жасаймыз», - деді «СтопОтлов» жануарларды қорғау жекеменшік қорының директоры Юлия Педченко.

КҮШІКТЕРДІҢ ИЕЛЕРІН ТАБУ ҮШІН АРНАЙЫ ЖӘРМЕҢКЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ

Қамқорлығына үлкен итті алмаса да, күшіктерін асырап алуға келетін бірен-саран адамдар бар дейді орталықтағылар. Бұл орайда қалалық әкімдік төбеттерді таратудың тиімді амалын да тапқан екен

«Күшіктердің иелерін табу үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылады. Былтыр сондай төрт шара өтті. Тіпті, бір күннің ішінде жәрмеңкеге 50-ге жуық ит пен күшік қойылады. Шамамен, 30 шақтысы өздерінің жаңа иелерін тауып жатты. Өкінішке қарай, биыл пандемияға байланысты мұндай шара ұйымдастырылған жоқ», - деді Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова.

Жалпы, орталықтағы қаңғыбас жануарларды күтіп-баптау және тамақтандыруға кететін шығынды еріктілер тобы өтейді екен.

«Еріктілер тобының гуманитарлық көмегі арқылы тамақтандырып жатырмыз. Сонымен қатар арасында қала тұрғындары да осы жерге өздері тікелей азық-түлік алып келеді» - дейді Алмас Тұрымбетов.

«МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАРДЫҢ ТАМАҒЫНА ЕШҚАНДАЙ ҚАРАЖАТ ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН»

Өз сөзінде «СтопОтлов» жекеменшік жануарларды қорғау қорының директоры Үкіметтің осы мәселеге де назар аударуы керек екенін баса айтты.

«Мемлекет ең болмағанда, вирустарға қарсы салынатын вакциналарға және залалсыздандыру жұмыстарына ақша бөлсе екен дейміз. Жануарлардың бұлай көп шоғырланған жерінде міндетті түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс» - деді Юлия Педченко.

Иә, елімізде мемлекет тарапынан қаңғыбас жануарларына көмек ретінде ешқандай қаражат қарастырылмаған. Осы орайда қызықты деректерге көз салсақ, 34travel.me мәліметі бойынша, Нидерланды – әлем бойынша бірде-бір қаңғыбас жануары жоқ жалғыз ел. Ал Италияда итін немесе мысығын көшеге қуып жіберген жануар иесіне 10 000 еуро айыппұл салынады. Ал Люксембургтегі айыппұлдың құны 227 000 еуроға дейін жетуі мүмкін.

Ата-бабамыз «жеті қазынаның бірі» деп санаған жануарды қаңғыртпай, қамқорлыққа алу игі істің үлкені болса керек.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан