Демалыс күндері елордада карантин тәртібін бұзғандарға 133 млн теңге айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Төрт материал сот қарауына жіберілді

Фото: astana.gov.kz

Өткен демалыс күндері полицейлер, СЭС және әкімдік өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы базарлар мен басқа да нысандарды аралады. Белгілі болғандай, кейбір ШОБ өкілдері карантин режимі күшейгеніне қарамастан талаптарды орындамаған. Мәселен, базарлардың бірінің иесі демалыс күндері жұмыс уақытын сақтамағаны үшін ірі көлемде айыппұл төлейді. Тағы бір орында кіреберісте санитайзерлер орнатылмағаны анықталған.

«Демалыс күндері сауда үйлері жұмыс істемеуі керек, тек дәріханалар, қоғамдық тамақтану орындары болса, олар жұмыс істеуге құқылы», – деп түсіндірді Байқоңыр ауданы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Ықыласова.

Мамандардың айтуынша, жиі кездесетін санитарияға қарсы жағдайлар – жұмыс режимін сақтамау, қоғамдық тамақтану орындарында келушілер санының көп болуы, сатып алушылар мен сатушылар үшін масканың болмауы, әлеуметтік қашықтық сақтамау, нысанның кіреберісінде антисептиктердің болмауы, кей жерлерде келушілер мен қызметкерлердің термометриясы жүргізілмейді. Сондай-ақ отбасылық жиын жасайтындар да бар. 

«9 қазандағы жағдай бойынша барлығы 1240 рапорт келіп түсті. Оның 627-сі қаралып, 133 766 808 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 509-ы бойынша 110 196 325 теңге өндірілді. Төрт материал сот қарауына жіберілді», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, елордада карантин режимі күшейтілгені жарияланған болатын. Азаматтар маска тағу тәртібін, арақашықтықты қатаң сақтап, антисептик қолдануы керек.

Құқықбұзушылық анықталған жағдайда, жеке тұлғаларға 30 АЕК (83 340 теңге), заңды тұлғаларға – 230-дан 1600 АЕК-ке дейін (4 миллион 445 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады. Кінәсін мойындаған жағдайда, айыппұл жеті күн ішінде 50% жеңілдікпен төленеді. Жеті күн ішінде төленбеген немесе кінәсін мойындамаған жағдайда, әкімшілік айыппұл туралы қаулы шығарылып, 30 күн ішінде толығымен төленеді.