6 қазаннан бастап Қазақстанға келген 17 шетелдік жолаушы депортацияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Депортацияланғандардың арасында транзиттік әуе жолаушылары да болған

Фото: ашық дереккөзден

Санитарлық-карантиндік пункттердің эпидемиологтарың шешімімен, 6 қазаннан бастап Қазақстанға әуе рейстерімен келген 17 шетел азаматы елден депортацияланған. Бұған шетел азаматтарының ПТР-талдау туралы немесе экспресс-тесттен өткені туралы мерзімі өтіп кеткен анықтама ұсынуы себеп болған.

«6 қазаннан бері санитарлық-карантин пункттерінің эпидемиологтары Қазақстанға әуе рейстерімен келген 17 шетелдікті, оның ішінде Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамды депортациялады. Нұр-Сұлтан қаласынын әуежайынан 8 шетел азаматы (Ресейдің 5, Беларусьтың 2 және Түркияның 1 азаматы ), ал Алматы қаласы әуежайынан 9 шетел азаматы (Ресейдің 4, БАӘ-нің 1, Германияның 1, Өзбекстанның 1, Түркияның 2 азаматы) департацияланған болатын», - деді ҚР Көліктегі бас санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов.

Еске сала кетейік, 3 қазанда Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің ҚР мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулысы шықты.

Қаулыға сәйкес, 6 қазаннан бастап жолаушылар тасымалындағы тәртіптер өзгеріп, карантиндік талаптар күшейтіледі.

Жаңа қаулы тәртібі бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтама болмаған жағдайда кіруге жіберілмейді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасына шетелден авиарейстермен келетін барлық адамдар термометриядан, сауалнамадан өтеді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтаманы ұсынады.