Қазақстанда тозығы жеткен көлігін тапсырғандарға өтемақы төленеді

Көлік тапсырғандарға ақша 2 күн ішінде аударылады

Қазақстанда тозығы жеткен көлігін тапсырғандарға өтемақы төленеді
Фото: ӨКМ операторы

12 қазаннан бастап ӨКМ операторы Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің келісімімен ескі көліктерді қайта өңдеуге қабылдау  бағдарламасына өзгеріс енгізді. Бұдан былай тозығы жеткен жүк және жолаушылар көлігін тапсыратындарға да ақшалай өтемақы беріледі.

Берілетін ақша тапсырылатын көліктердің санатына байланысты айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) бағаланады. Айталық М2, N1 (салмағы 1,3 тоннадан кем көлік құралын қоспағанда) және N2  санатындағы көлік құралдарына 144 АЕК (400 032 теңге) беріледі. Осы санаттағы толық емес жиынтықтағы көліктерге 126 АЕК (350 028 теңге) төленеді.  Ауыр салмақтағы жүк көліктері (М3, N3 санаты) 600 мың теңгеден (216 АЕК) 550 мың теңгеге (198 АЕК) дейін бағаланады.

Көлік тапсырғандарға 2 күн ішінде банктағы шотына ақша аударылады. Айта кету керек,  көлікті жеңілдік сертификатына алмастыру бағдарламасы уақытша тоқтатылады.

Естеріңізге сала кетейік, істен шыққан көлік құралдырын қайта өңдеуге қабылдау бағдарламысы іске қосылғаннан бері Қазақстан бойынша 150 мыңға жуық көлік жоюға тапсырылды. Оның ішінде 2596 дана орташа тонналық техника, 600-ге жуық ауыр салмақтағы көлік құралдары бар. Қабылданған барлық машина Қарағандыдағы ескі көліктерді қайта өңдейтін зауытқа жіберіледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.