Бұл сұраққа Еңбек министрі жауап берді
Желтоқсан айында Қазақстанда қатаң карантин шаралары енгізілетін болса, болжам бойынша, жұмыс істеп жүргендердің 28%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір 1 миллионға жуық адам жұмыссыз. Ал, коронавирус эпидемиясы өршіп, желтоқсан айында қатаң карантин енгізілетін болса, тағы 160 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін.
«Сәуір-мамыр айларындағыдай жағдай қайталанса, елімізде 4 млн адам жұмыс орындарын сақтап қалады. Олар: құрылыс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласының мамандары. Жұмыс істеп жүрген адамдардың 28%-ы (2,5 млн адам) қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Бұл жоғары квалификацияланған мамандарға қатысты. 2 млн қызметші үшін жұмыс уақыты қысқарады: ақылы, ақысыз еңбек демалысына кетеді. Бұл сауда, транспорт, тамақ саласындағы мамандарға қатысты. 160 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін», - деді министр.
Еңбек министріне мұндай болжамды сәуір-мамыр айларында болған карантин жағдайын зерттеп, әрбір сала бойынша санақ жүргізген Еңбек ресурстарын дамыту орталығы берген.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құраған. Бұл – 454 000 адам. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 4,8% болған. Тағы 536 мың адам ресми түрде жұмыстан шықпағанымен, нақты жұмысы жоқ болғандықтан бос отыр.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан