Тұрғындар құрылыстың заңсыз жүргізіліп жатқанын, геолог-маман бұл жерде зәулім нысандар салуға болмайтынын айтады
Алматының Медеу ауданы аумағында орналасқан «Каменское плато» обсерваториясының аумағында алма ағаштары оталып, құрылыс жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар жердің табиғи ландшафтын бұзып, айналаға қауіп төндірген ауыр техникалардың жұмысына қарсы шықты. Тұрғындар бұл аумақ 1947 жылы салынған Фесенков атындағы астрофизикалық институттың жері болғанын және ол ерекше қорғалатын табиғи паркке кіретінін айтады.
«Мұнда қауіпсіз болғанын қалаймын, картадан қарадым, астрофизикалық обсерватория аумағы мен жері Іле Алатау ұлттық паркіне кіреді дейді. Бұл ешкімге жасырын емес, ашық ақпарат. Ал мұнда КамАЗ автокөліктері мен экскаваторлар күніне жұмыс жүргізіп жатыр. Жерді тереңдетіп қазып капиталдық құрылыс жүргізіп жатыр. Бірақ неге екені белгісіз, бүгін олар жұмысын тоқтатты. Обсерватория аумағындағы үйлер мұнда соғыстан кейін салынған, осында әлі күнге дейін ғылыми қызметкерлер тұрады. Бірақ соңғы жылдары табиғиат келбетін құртып, жеке үйлер мен құрылыс тауға қарай барған сайын жақындап келеді», - дейді «Каменское плато» елді мекенінің тұрғыны Василиса Қуанышева.
Алайда құрылыс аумағына келген Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің Медеу аудандық филиалының мамандары жолы төселіп, құрылысы басталған жер телімі ұлттық паркке емес, Алматы қаласының аумағына кіретінін айтты.
Геолог Седов Вадим Azattyq Rýhy агенттігіне берген сұхбатында ұзақ жыл инженерлік гелогиямен айналысқанын айтты. Топырақтың құрамы мен тау жыныстарын зерттеген геолог Іле Алатауына қарасты бұл аумаққа ауыр құрылыс нысандарын салуға болмайтынына көз жеткізген.
«Мұнда алғаш рет техниканың табаны 2017 жылы тиді. Жерді қазып, топырақты ойпаң жерге төсеп, жерді тегістей бастады. Сосын құрылыс қайтадан тоқтады. Соның кесірінен таудың аздап қозғалғанын байқауға болады. Бұл аймақ топырақ жылжитын қауіпті жерге жатады. Егер құрылыс жүретін болса... Қатты жауын болғанда немесе көктемде қар ерігенде мына қырқа (көрсетіп – авт.) түгелдей төмен жылжып кетуі мүмкін. Кеңес үкіметі уақытында бұл аймақтар ерекше қорғалды. Мұнда алма ағаштары арнайы отырғызылып, тауға жеміс ағаштары егілді. Террасалар орманға айналды. Енді бұл жерге құрылыс жүргізу өте қауіпті. Бұл жерге су немесе бетон жолатуға болмайды», - дейді маман.
Айта кету керек, аталған тау бөктерінің етегіндегі сайда «Ақ қайың» шипажайы және әскери госпиталь орналасқан. Ал тауға «Экотуризм» бағдарламасы аясында демалатын орындықтар немесе жеңіл конструкциялы құрылысқа ғана рұқсат етіледі.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы