Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Білім және ғылым министрлігін сотқа бермекші

БҒМ аталған оқу орнының бас лицензиясын тоқтатқан болатын

Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Білім және ғылым министрлігін сотқа бермекші

«Академияның жұмысын тоқтату туралы шешім шығарған Білім және ғылым министрлігінің артында үшінші күштер болуы мүмкін». Баспасөз жиынын өткізген Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының басшылары осындай болжамдарын айтты. Десе де, үшінші күш деп кімді тұспалдағаны белгісіз. Оны өздері де ашып айтпады.

Академияның 90 жылдай тарихы бар. Елімізде темір жол саласына қажетті мамандардың барлығын жуығын осы оқу орны даярлап шығарады екен. Ал, оны жабу ақылға сыймайды дейді профессорлар құрамы. Студенттерден де кешелі бері тыныштық кеткен.

«БҒМ Сапаны қамтамазсысыз ету комитеті біржақты шешім шығарып отыр деп санаймын. Академияның студенттері мен ұжымы туралы қате шешім қабылдаған. Кешеден бері студентттерден сұрақ толастар емес. Біз барлық жауапкершілікпен мәлімдейміз, аталған шағымдардың көпшілігінде ешқандай негіз жоқ және еркімізден тыс бір сұрақ туындайды: Бұл шешімнің артында мүдделі топтар тұрған жоқ па? Студенттер арнайы осы оқу орын таңдағандықтан, басқа университетке ауысқылары келмейді», - деді  «М.Тынышпаев атындағы Қазақ және көлік коммуникациялар академиясы» АҚ президент-ректоры міндетін уақытша атқарушы Ажар Бейсова.

Акадмияның заңгерлері министрлікті сотқа беріп, соңына дейін күреспек. Заңгердің айтуынша, оқу орнында расымен де кемшіліктер болған. ЖОО басшылары шетелдік студенттердің шағымы да министрлікпен кикілжіңнің пайда болуына себеп болды дейді. Айтуларынша, академияда оқымаған студенттердің ақы төлеп оқығаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

«Өзбекстандағы академияның бұрынғы өкілдері К. Садирбаева мен М. Урумбетованың алаяқтық сипаттағы әрекеттер жасағаны туралы барлық қолда бар деректер құқық қорғау органдарына жіберілді. Академия шетелдік студенттерді ҚазККА-да оқитын студенттер қатарына қабылдау үшін құжаттар алған жоқ. Тексеру барысында анықталған жалған құжаттар туралы фактілер тиісті құқық қорғау органдарына берілді. М. Үрімбетованың да, Қ. Сәдірбаеваның да студенттерді академияға қабылдау үшін қол қою құзыреті де, құқығы да жоқ. Шетелдік студенттердің саны мен төленген ақшасы жөніндегі ақпаратты кадр бөлімінен анықтаған соң бере аламыз. Комитеттің шешімін біз сотқа береміз және сот органдары оң шешім шығарады деп сенеміз», - деді академияның заңгері Елена Ивлева. 

Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) жүргізген ұлттық рейтинг бойынша ҚазККА Қазақстан жоғары оқу орындарының ішінде 13-ші орында тұрған көрінеді. 1931 жылы ашылған оқу орнын Бас лицензиясынан айырған БҒМ академияның оқытушы құрамы мен кітапхана қоры нашар деген еді. Баспасөз мәслихатын өткізген басшылардың сөзінше, бұл ақпарат та шындыққа жанаспайды.

«Министрлік "Атамекен" ҰКП рейтингінің деректері бойынша Академияның білім беру бағдарламаларының 60%-ға жуығы жұмыс берушілердің күткеніне сәйкес келмейтінін айтқан. Бұл шындыққа жанаспайды, оны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да растайды. Қазіргі уақытта ҚазККА мен практика базалары кәсіпорындары арасында 300-ден астам шарт жасалған, олардың ішінде, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы, "Транстелеком" АҚ, "Қазақтелеком" АҚ, "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ және т.б. бар. Өткен оқу жылында 1189 түлек ҚазККА жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом алды, оның 71%-ы жұмысқа орналасты. Кітапхана қоры білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының шартына сәйкес келеді. ЖОО оқу-әдістемелік әдебиеттермен 100% қамтамасыз етілген. Қорда миллионға жуық кітап бар, электронды қор 5000-нан астам атауды құрайды. ПОҚ (профессорлық оқытушылық құрам) жалпы санынан дәрежелілік – 56 % құрайды, штаттық ПОҚ санынан – 67% құрайды, бұл біліктілік талаптарына сәйкестікті және академияның жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамымен қамтамасыз етілгенін растайды», - деді аталған оқу орнының проректоры Андрей Иванов. 

ҚазККА-да педагогикалық оқытушылар құрамының жалпы саны – 266. Оның ішінде 20 ғылым докторы, 113 ғылым кандидаты, 15 PhD докторы жұмыс істейді. Оқу орнында бес мыңнан астам студент білім алып жатса, олардың 1 мыңға жуығы келер жылы диплом алуы тиіс. Ал ертеңгі күндеріне алаңдаған студенттер әлден әкімшілікке ағылып жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.