Өткен жылы елордадағы кітапханаларға оқырман 500 мың рет барған
Жақында Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекеновтың «Елорда тұрғындарына ортақ бір кітапхана жеткілікті» деген видеосы қоғам талқысына түсті.
«Қалай десек те, бүгінде кітапханалар анахронизмге айналып барады. Бюджеттен жалақыға, ғимараттарды ұстап тұруға және көптеген кітап сақтауға қомақты қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Барлық кітап интернетте тұр», - деді Мирас Шекенов.
Депутат бұл мәселені шешудің жолы ретінде кітапханалар санын кезең-кезеңімен қысқартуды ұсынды.
«Негізі, қалада бір ғана кітапхана болуы керек. Сосын оның жұмысы коворкинг орталығы сияқты болуы тиіс. Кітапханалардың бәрін цифрландырып, оқырман қажеттісін оңай алатындай біреу (кітапхана) қыламыз. Бұл іс жүзінде кітапханаға қарағанда мұрағатқа жақынырақ болады», - дейді ол.
Әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызған депутаттың пікіріне байланысты елорда әкімдігі ресми жауап беріп, ол бюджетті оңтайландыру бойынша өткен отырыста жеке пікірін айтқанын жеткізді.
«Кітапханалардың саны қысқартылмайды. Керісінше, кітапханалар мен архив қызметін цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл оқырманға қолайлы жағдай жасау үшін жасалып жатыр», - деп хабарлады әкімдік.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрғындарға қызмет көрсететін (кітапханалық-ақпараттық) 18 кітапхана бар екен. Бұл мәліметті Azattyq Rýhy редакциясының сауалына жауап берген қалалық Мәдениет басқармасы жолдады.
18 кітапхананың бәрі қала ішіндегі тиісті шағынаудандарда шоғырланған. Олардың ішінде: М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана, Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасы, 10 көпшілік кітапхана, 5 балалар кітапханасы және бір көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана бар.
Қала бойынша қызмет көрсететін кітапханаларда жалпы саны 133 адам жұмыс істейді. Оның ішінде кітапханашылардың саны – 97. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы – 60 мың теңге (59 462 тг) шамасында.
Кітап қоры өткен жылы – 725 938 дана болған. Биылғы көрсеткіш – 728 530 дана.
Одан бөлек, елордада 11 коворкинг орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ олардың жанында 14 үйірме мен әртүрлі бағыттағы 5 клуб жұмыс істейді.