Қазақстандықтар енді өзі қалаған емханаға тіркеле алады

Автор: Azattyq Rýhy

Дегенмен, адам емханадағы учаскелік нөмірін алдын ала анықтап алу керек

Фотолардың авторы: Нұрдәулет Әбікеев

Қыркүйек айының ортасынан бастап қазақстандықтар өзі таңдаған емханаға тіркеле алады. Нұр-Сұлтан қалалық №8 емхананың директоры Айгүл Қасымова бұл процесс қалай жүретінін түсіндіріп, дәрігерлердің жұмысы қалай ұйымдастырылатынын айтты.

«15 қыркүйектен бастап еліміздің кез келген тұрғыны өзі қалаған емханаға тіркеле алады. Бірақ әрбір емхана өзінің бекітілген аймағы бойынша жұмыс істейді. Емханадағы әр дәрігерлердің міндеті бар. Біріншіден, педиатр немесе терапевт болсын, өз ауданындағы тұрғындарды емханада қабылдап қана қоймай, кей емделушінің үйіне барып та дәрігерлік қызметін көрсетуі керек. Екіншіден, әр емхананың өз сыйымдылығы болады. Мәселен, біздің емхананың 60 мың халықты тіркеуге мүмкіншілігі бар. Сол себепті, халық басқа аймақтан келіп тіркелемін деген жағдайда да, оларды қабылдайтын мүмкіншілігіміз жоқ», - деп түсіндірді емхана басшысы.

Айгүл Қасымова түсіндіргендей, әрбір адам өз үйіне жақын емхананы таңдағаны дұрыс. Бастысы, жаңа ережелерге сай, азамат өзі тіркелген емханадағы белгілі бір дәрігердің біліктілігіне көңілі толмаса, тіркеуі жоқ басқа емхананың дәрігеріне алдын ала жазылып қара алады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан