Шенеуніктер Талдықорғанда модульдік инфекциялық аурухана салынып жатқанынан хабарсыз
Қазақстанның 13 аймағында жыл соңына дейін модульдік жұқпалы аурулар стационарларын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы жақында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеген болатын. Министрліктің ақпаратына қарағанда, инфекциялық ауруханалар қазан айында пайдалануға берілуі тиіс. Үкімет биыл маусым, шілде айларында коронавирус инфекциясы таралуының өте күрделі кезеңін бастан кешірген Қазақстан үшін мұндай медициналық стационарлар ауадай қажет деп есептейді. Ақмола, Алматы облысы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында салынады.
7 ЛОТ БІР КӨЗДЕН АЛЫНҒАН
Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге қарағанда, Қазақстанның 7 өңірінде бір дереккөзден сатып алу тәсілімен жасалғаны белгілі болды. Бәсекелессіз өткен сатып алу конкурсына қатысқан «KAZPACO» ЖШС Қостанай, Атырау, Павлодар, СҚО, Алматы облысы, Ақмола облысы және Қарағанды облысының әкімдіктерімен келісімшарт жасасқан.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі осы аймақтарда мердігер компанияның бюджеттен қанша қаражат алғанын анықтауға тырысты. Барлық аймақтарда әкімдіктер жер учаскесін бөліп, мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға сәйкес мердігер ұйымды таңдау процесін аяқтаған. Ауруханалар «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасымен үнемделген және жергілікті бюджеттердің қаражаттары есебінен қаржыландырылады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, әр жұқпалы аурулар ауруханасының құнын әкімдіктер өздігінен қалыптастырады.
Елдің әр аймағында салынатын 13 модульдік инфекциялық ауруханада 2,7 мың төсектік орын болуы керек. Ол үшін Павлодар облысы құрылыс басқармасы 7 млрд 382 млн теңге, Қарағанды облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 7 млрд 250 млн теңге, Ақмола облысы әкімдігі 7 млрд 184 млн, Алматы облысы құрылыс басқармасы 7 млрд 510 млн теңге, Қостанай облысы 7 млрд 22 млн теңге, Атырау облысы 4 млрд 984 млн теңге, Солтүстік Қазақстан облысы 7 млрд 38 млн теңгеге келісімшарт жасалған.
Сурет мемлекеттік сатып алу порталынан алынды
БІР МОДУЛЬДІК АУРУХАНА ҚҰНЫ – 7 МЛРД 510 МЛН ТЕҢГЕ
Сонда «KAZPACO» ЖШС барлығы 56 млрд теңгеге КОВИД-тің келесі толқынына төтеп беретін жұқпалы ауруханалар құрылысын жүргізеді. Тез құрастырылатын құрылыс технологиясын пайдалана отырып, модульдік блоктардан тұрғызылатын аурухананың бірі Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында да салынып жатыр. Шаһарды екіге бөліп өтетін Қаратал өзенінің маңында құрастырылып жатқан модульдік стационар 200 төсек орынға арналады. Аурухана медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталатын болады. Ғимараттың техникалық паспортында құрылысқа тапсырыс беруші Алматы облысының құрылыс басқармасы деп көрсетілген. Тамыз айында басталған құрылыс нысаны биыл төртінші тоқсанда пайдаланылуға берілуі тиіс.
Жобаға 7 млрд 510 млн теңге бөлінген. Талдықорғандағы қоғамдық белсенділердің бірі Денис Кушхаканов жоғарыдағы соманы бөлгенде, әр төсек-орын үшін 37 млн теңге қарастырылғанын айтады. Оның пікірінше, бұл – модульдік аурухана үшін шамадан тыс жоғары сома.
«Өкінішке қарай, мен мемлекеттік сатып алу порталында ресми тендер өткенін көре алмадым. Бұл мемлекеттік сатып алу туралы заңның талабының бұзылғанын байқатады. Бәсекелестік болмаған жерде, бір дереккөзден сатып алу тәсілімен жасалған келісімшарт заңсыз деп танылуы керек. Сондай-ақ порталдан құрылыстың заңдылығын қадағалайтын техникалық бақылау жүргізетін компаниямен жасалған келісімшартты таба алмадым. Инфекциялық аурухананың жобасын жасаған авторлық бақылау мекемесімен де келісімшартты көре алмадым»,- дейді белсенді.
Суретте: Денис Кушхаканов
БАСҚАРМА АУРУХАНА ҚҰРЫЛЫСЫНАН ХАБАРСЫЗ
Алайда құрылыс нысанының паспортында техникалық қадағалау деген бағанда «Engineering service» ЖШС деп көрсетілген. Қоғамдық белсенді мұндай келісімшарттың жасалмағанына сенімді. Бұл да өрескел заңбұзушылық екенін айтады. Ал «KAZPACO» ЖШС жоба жетекшісі Арман Қабылқас нысанның құрылысына техникалық қадағалауды жүргізетін компанияның «Engineering service» ЖШС-і емес екенін растады. Құрылыс салуға рұқсат бар ма, ал техникалық қадағалауды кім жүргізеді деген сауалды жауапсыз қалдырды. Ол белгісіз компанияның атауы неге билбордта тұр деген сұраққа да жауап бермеді.
«Бұл құрылыс заңсыз салынып жатыр. Тура осындай жолмен елде 7 нысан басталған. Олардың барлығы мемлекеттік сатып алу порталында бір дереккөзден сатып алу тәсілімен жасалған келісімшарттар екені белгілі. Мен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолап, модульдік аурухананың құрылыс салуға рұқсаты бар-жоғын анықтадым. Мемлекеттік құзырлы орган Алматы облысында мұндай аурухананың салынып жатқанынан хабарсыз. Маған келген ресми жауапта осылай көрсетілген.
Қараталдың екі жағасында қаланың бас жоспарына сәйкес тұрғын үйлер салынып, шағынаудан бой көтеруі тиіс. Алайда халық тығыз қоныстанған аумаққа, өзенге өте жақын жерде осындай инфекциялық аурухана салынып жатыр. Бұл да тексеруге және прокуратураның қадағалауына жататын сұрақ деп ойлаймын. Бұл жобаның мемлекеттік сараптамадан қалай өткенін білмеймін»,- дейді Денис Кушхаканов.
Скриншот: Алматы облысы МСҚББ жауап хаты
«Құрылысқа рұқсат беру және құлақтандыру» туралы ҚР заңына сәйкес, 68-бап 12-тармақ бойынша құрылыс-монтаж жұмысы туралы тапсырыс беруші тиісті органдарды құлақтандыруы тиіс. Алайда мемлекеттік құрылысты бақылау мекемесіне Алматы облысында салынып жатқан модульдік аурухана құрылысы туралы, рұқсат алу туралы хат немесе құлақтандыру түскен жоқ»,- делінген хатта.
Алматы облыстық құрылыс басқармасының басшысы да Дәурен Жолжанов модульдік аурухананың салынып жатқанынан хабарсыз екенін айтты. Инфекциялық ауруханаға жер бөлінбегенін және оның құрылысы туралы сұрақтармен айналыспағанын мәлімдеді.
«Біз бұл аурухананың құрылысына тапсырыс беруші емеспіз. Мердігер компания нысан паспортында «тапсырыс беруші» деген бағанға қате жазған болар. Облыстық әкімдік дайын өнімді сатып аламыз, яғни құрылыс біткен соң, ақшасын төлеп аурухананы аламыз. Оны салып жатқан – жеке компания. Ал жер телімін кім бергенін білмеймін»,- деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы.
Суретте: нысан төлқұжаты
Ашық дереккөздерге қарап, Қытайдағы осындай модульдік ауруханалар құрылысына қанша қаражат жұмсалғанын есептеу қиын емес. Естеріңізде болса, биыл сәуірде Қытайдың Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында тез арада аурухана салу шаралары басталып, әлем оған көз тіккен еді. Қытай билігі кейін осындай екінші стационарды да салды. Олар 2600 орынға есептелген. Бұл туралы Factcheck.kz сайты қытайлық The Paper басылымына сілтеме жасап жазған. Осындағы мәліметке қарағанда, жедел салынған аурухана құрылысына 300 млн юань жұмсалыпты. Сәуір айындағы АҚШ долларының курсымен есептегенде екі аурухананың (Хуошэньшань – 1000 орын, Лейшеншань – 1600 орын) бюджеті 18,7 млрд теңге болады. Сонда қытайлықтар әр төсек орынға 7 млн теңге бағыттаған. Ал Алматы облысындағы BI Group компаниясының қатысуымен салынып жатқан 200 орындық модульдік аурухананың әр төсек-орнына 37 млн теңге қарастырылған дейді белсенділер.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы