Қалада бойынша жалпы саны 7 мыңға жуық оқушы бар
Жаңа оқу жылының басталғанына бір аптадан асты. Шалғайдағы ауылдар мен ата-аналардың өтініші бойынша кезекші сыныптарда оқып жатқан оқушыларды есепке алмағанда, Қазақстандағы балалардың басым бөлігі қашықтан білім алып жатыр.
Білім және ғылым министрі берген мәлімет бойынша, Қазақстанда 2,6 млн оқушы қашықтан, 800 мың оқушы дәстүрлі форматта оқып жатыр. Сондай-ақ ведомство басшысы елімізде қашықтан білім алып жатқан, бірақ қажетті құралдармен жабдықталмаған 185 мың бала бар екенін айтты.
Арқалық қаласында да қашықтан оқыту жүйесі әлі дұрыс жолға қойылмаған. Қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, алдағы аптада көпбалалы отбасыларды толығымен техникалық құрал-жабдықтармен қамтиды.
Жалпы, қала бойынша 7 мыңға жуық оқушы бар. Олардың ішінде 689-ы – көпбалалы отбасыдан шыққандар, 348-і – мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алып отырған отбасынан шыққандар.
Әзірге әкімшілік мұқтаж отбасындағы балаларға мектептердегі компьютерлерді таратып жатыр. Дегенмен, кейбір ата-аналар балаларына техникалық құрал жетіспей, оларға өз телефонын беріп, байланыссыз жүргендерін айтады.
Сондай-ақ қала маңындағы ауыл мектептерінде интернет сапасы жағынан жиі-жиі қиындық туындайды. Ауылдық мектептерде желінің тек 65%-ы ғана жұмыс істеп тұр. Әкімдіктің айтуынша, мұндай қиындық аймақта бұрыннан бар.
Көптеген қала тұрғындарының үйінде бірдей Wi-Fi орнатылмаған. Сол себепті, ата-аналардың көбі онлайн режимде сабақ өтетін арнайы платформаларға кіру үшін айына 2000-3000 теңге көлемінде ақша төлеп, тарифтерді сатып алып отыр.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан