Шымкентте отбасылардың 30%-ы бедеулікпен күресіп жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада жасанды ұрықтандыруға 50 квота бөлінген

Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте отбасылардың 30%-ы бедеулікпен күресіп жүр, деп хабарлайды Отырар. Бұл туралы қаладағы ЭКҰ орталықтың дәрігері мәлімдеді. Орталық мамандарының сөзінше, қалада балаға зар отбасылар саны жылдан жылға көбейіп келеді.

Шымкент қаласының тұрғыны Әдемі Күмісбек 5 жылдан бері бала сүйе алмай қиналған. Түрлі ем-дом қабылдаған Бірақ нәтиже болмай, соңында ЭКҰ-ға жүгінеді. Желтоқсанда өтініш беріп, қаңтарда квота бөлінген. Жуырда бала көтерген ол дүниеге егіз бала әкелетінін біліп қуанып отыр.

 «Менің 5 жыл бойы бармаған жерім жоқ. Ташкентке де бардым. Массажға да бардым. Тіпті, жер ауыстырып, Астанаға да көштім. Жас отбасыларға айтарым, ақшаларын шығындамай бірден осы орталыққа келгені дұрыс»,- дейді Әдемі Күмісбек.

Дәрігерлер сөзінше, белсіздікпен күресіп жүрген жас отбасылар саны жылдан жылға артып барады. Мұның себебін мамандар дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы, экология және қажет емес дәрілерді көп ішуден көреді.

 «Бізде  қаладағы отбасылардың 30%-ы бедеулік диагнозымен емделуде. 1 млн-нан асатын адам тұрады деп санасақ, клиникада 1 жылда экопрограмма өтіп жатқандар көп. Биыл бізге 50 квота берілді. Келесі жылы Президент тапсырмасы бойынша көбейеді деп жатырмыз», - дейді орталық дәрігері Мира Нұрашова.

Еске сала кетейік, биылғы жолдауда Президент Қ.Тоқаев ЭКҰ-ға бөлінетін квотаны 7 есеге көбейтуді тапсырған еді.