Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіші 2,5 пайызға төмендеген – Статком

Автор: Azattyq Rýhy

2020 жылдың алғашқы алты айында 65 мың адам қайтыс болған

Фото: ашық дереккөзден

Статистика комитетінің мәліметінше, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда қайтыс болған адамдардың саны 65 мыңға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,5%-ға төмен. Бұл туралы runking.kz хабарлайды.

Алғашқы жартыжылдықта тіркелген өлім-жітім бойынша қалалықтардың үлесі 60,9%-ды құрайды (39,5 мың адам). Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,7%-ға төмен. Ауылдық жерлерде қайтыс болған азаматтардың үлесі - 39,1% (25,4 мың адам). Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,5%-ға төмен.

Өңірлер арасында өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан облысы алда келеді. Алғашқы жарты жылдың ішінде облыс көлемінде 6,9 мың адам қайтыс болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға төмен.

Екінші орында – Алматы облысы (6,8 мың адам), үшінші орында - Қарағанды облысы (6,5 мың адам).

Марқұм болған азаматтардың 24,1%-ы қан айналым жүйесі ауруларынан қайтыс болған (15,7 мың өлім). 7,4 мың адам (11,5%) ісіктен қайтыс болған - олардың 7,3 мыңы қатерлі ісіктен көз жұмған.

Ресми мәлімет бойынша, тыныс алу жолдары бойынша аурудан 7,3 мың адам қайтыс болған. Оның ішінде, тұмау, жіті рспираторлық аурулардан 2,1 мың адам қайтыс болған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3%-ға аз көрсеткіш.